Қазақстанда оқуға 550 шетел азаматына білім беру гранты тағайындалды

Патриот жаршысы
7

Фото: gov.kz

2026-2027 оқу жылына арналған Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ шетел азаматтарына, оның ішінде қазақ ұлтының өкілдеріне арналған мемлекеттік стипендиялық бағдарламасы аясындағы конкурстық іріктеу аяқталды. Байқау қорытындысы бойынша 550 стипендия иегерінен тұратын негізгі тізім бекітілді, –   деп хабарлайды Patriotportaly.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Аталған бағдарлама 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді және халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ дарынды шетелдік жастарды Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға тартуға бағытталған.

2026 жылы бағдарлама шеңберінде:

✔ бакалавриат бағдарламалары бойынша оқуға – 490 білім беру гранты;

✔ магистратура бағдарламалары бойынша оқуға – 50 грант;

✔ докторантура бағдарламалары бойынша оқуға – 10 грант бөлінді.

Конкурстық іріктеуге әлемнің 71 елінен 16 098 үміткер қатысты. Қатысушылардың едәуір бөлігін Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ қазақ ұлтының өкілдері – қандастар құрады. Аталған санаттағы азаматтарға арналған бағдарламаны іске асыру Қазақстанда сапалы білім алуға қолжетімділікті кеңейтуге және тарихи отанымен байланысты нығайтуға ықпал етеді.

Бағдарламаны іске асыруға 886 білім беру бағдарламасын ұсынған Қазақстанның 27 жоғары оқу орны қатысады. Стипендия иегерлерінің басым бөлігі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде, Astana IT University-де, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде және еліміздің басқа да жоғары оқу орындарында білім алады.

Биыл бағдарламаға қатысушылардың географиясы айтарлықтай кеңейді. Егер 2025 жылы оқуға ұсынылғандар қатарында 26 елдің өкілдері болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 49 мемлекетке дейін артты. Ең көп өтінім Палестина, Индонезия, Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасы және Ауғанстаннан келген үміткерлерден түсті. Алғаш рет стипендия иегерлері қатарында АҚШ, Италия, Германия, Мальдив Республикасы және Корея Республикасы азаматтары бар.

Бағдарламаны іске асыру Қазақстанның Орталық Азиядағы білім беру орталығы ретіндегі халықаралық беделін нығайтуға, академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге және қазақстандық жоғары оқу орындарына шетелдік студенттерді тартуға ықпал етеді.

Лилиана Әлжанова
Тілші