«Тіл шебері»: Қарағанды облысында көптілді жастар арасында үздіктер анықталды
Фото: gov.kz
Қарағанды қаласында облыстық «Тіл шебері» байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. 18 бен 35 жас аралығындағы қатысушылар қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгергенін ғана емес, көпшілік алдында ойларын жүйелі, көркем әрі сенімді жеткізе алатынын да дәлелдеді. Байқау барысында олардың жедел ойлау қабілеті мен кең дүниетанымы әртүрлі мазмұндағы тапсырмалар арқылы жан-жақты сынға түсті, – деп хабарлайды Patriotportaly.kz.

Конкурсты Қарағанды облысының Тілдерді дамыту басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығы ұйымдастырды. Айта кетерлігі, бұл байқау өңірде 15 жылдан астам уақыт бойы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Биыл оның форматы жаңартылып, қатысушылар қатарына тек студенттер ғана емес, жас мамандар, педагогтер және түрлі сала өкілдері де қосылды. Бұл өз кезегінде жобаның ауқымын кеңейтіп, мазмұнын тереңдете түсті.

Облыстың әр өңірінен келген үміткерлер өзара бақ сынасты.

— Біз бірнеше тілді еркін меңгеріп, жан-жақты дамуға ұмтылатын жастарды қолдауға ерекше мән береміз. Мұндай байқаулар сөйлеу мәдениетін жетілдіріп қана қоймай, қатысушылардың өзіне деген сенімін нығайтып, көпшілік алдында еркін сөйлеу дағдыларын қалыптастырады. Сонымен қатар берілген тапсырмалар олардың тарихи танымынан бастап ғылым мен мәдениетке дейінгі кең ауқымды білімін айқындайды, — деді Қарағанды облысының Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Алма Шалабаева.

Қатысушылар үшін бұл байқау тек жарыс қана емес, тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыс орнатуға және тұлғалық дамуға жол ашатын маңызды алаңға айналды.
— Осындай жобаларға қатысу – нағыз тәжірибе мектебі. Әртүрлі сала өкілдерімен пікір алмасу жаңа идеяларға жол ашады. Бұл орта адамды үнемі ізденіске жетелеп, мотивация береді. Бірнеше тілді меңгеру ақпаратты әр қырынан сараптауға мүмкіндік беріп, кәсіби дамуға серпін береді, — деді «Сауат» білім беру орталығының ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Шұғыла Болатова.
Қазылар алқасының мүшесі Ғазиза Смағұлова жастардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығы мен жауапкершілік деңгейі жылдан жылға артып келе жатқанын атап өтті.
— Бүгінгі жастар мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі маңызын тереңірек түсіне бастады. Бұл үрдіске мемлекеттік саясатпен қатар отбасы тәрбиесі, білім беру жүйесі және қоғамдық орта да ықпал етуде, — деді ол.

Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде Абай ауданы, Абай Құнанбайұлы атындағы №5 гимназия-мектебінің тарих пәні мұғалімі Биғали Шәметовке бұйырды. басқармасы Бірінші орынды Қарағанды техникалық университетінің студенті Самат Әсенбаев иеленді.

Екінші орын Саран қаласында өткен қалалық «Тіл шебері» байқауының жеңімпазы, 44803 әскери бөлімінің взвод командирі Арсен Серікбайға берілді.
Үшінші орын Балқаш қаласындағы «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжінің зертханашысы Перизат Манаповаға бұйырды.
Сонымен қатар үш қатысушы ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.