Аустрия Парламентінде Аустрия–Қазақстан өзара байланыс платформасының ресми іске қосылу рәсімі өтті

Патриот жаршысы
8

Фото: gov.kz

Қазақстанның Аустрия Республикасындағы Елшісі Мұхтар Тілеуберді Аустрия–Қазақстан өзара байланыс платформасының ресми іске қосылуына арналған салтанатты рәсімге қатысты, – деп хабарлайды Patriotportaly.kz.

Іс-шараға Аустрия Парламенті Ұлттық кеңесінің Президенті Вальтер Розенкранц бастаған ресми тұлғалар, сондай-ақ жетекші аустриялық көлік-логистикалық, құрылыс компаниялары мен қаржы-банк секторының өкілдері қатысты.

Іс-шараны ашқан спикерлер Қазақстан мен Аустрияның өзара сенімге, қарқынды саяси диалогқа және серпінді дамып келе жатқан сауда-экономикалық ынтымақтастыққа негізделген қарым-қатынастарды дәйекті түрде нығайтып келе жатқанын атап өтті. Осы тұрғыда Аустрия–Қазақстан өзара байланыс платформасының іске қосылуы бірлескен инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға деген өзара мүдделілікті көрсететін маңызды практикалық қадам ретінде бағаланды.

В.Розенкранц Қазақстан мен Аустрия арасындағы қатынастардың қарқынды дамуын жоғары бағалап, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті.

М.Тілеуберді өз сөзінде көлік өзара байланысын дамыту Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Қатысушыларға Қазақстанның Орта дәлізді одан әрі дамыту және оның Еуропа мен Азия арасындағы негізгі бағыттардың бірі ретіндегі рөлін күшейту жөніндегі бастамалары таныстырылды. Елші қатысушыларға елімізде жүргізіліп жатқан реформалар туралы толыққанды ақпарат берді.

Аустрия–Қазақстан өзара байланыс платформасының ресми іске қосылуы екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызды кезеңіне айналып, өзара сенімнің жоғары деңгейін және стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға деген ортақ ұмтылысты тағы бір мәрте растады. Жаңа бастама Еуропа мен Орталық Азия арасындағы орнықты көлік байланысын дамытуға бағытталған перспективалы жобаларды іске асыру үшін екі елдің мемлекеттік органдарының, бизнес қауымдастығы мен қаржы институттарының күш-жігерін біріктіруге арналған.

Лилиана Әлжанова
Тілші