ҒАРЫШҚА ДЕЙІНГІ ЕРЛІК: ТОҚТАР ӘУБӘКІРОВ – 80 ЖАСТА

Герои нации
15

Қазақтың тұңғыш ғарышкерінің орбитада өткізген сегіз күнге жуық сапарының ар жағында ондаған жылдық еңбек, ажалмен бетпе-бет келген сынақтар, ғылыми ізденіс және ел алдындағы жауапкершілік жатыр.

27 шілдеде қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, авиация генерал-майоры Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 80 жасқа толды. Оның есімі ұлттық тарихқа 1991 жылғы 2 қазанда алтын әріппен жазылды. Сол күні Байқоңырдан көтерілген «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен Тоқтар Әубәкіров көк жүзіне самғап, қазақ баласының ғасырлар бойғы аспанға ұмтылған арманын ақиқатқа айналдырды.

Алайда Тоқтар Әубәкіровтің ерлігін тек ғарыш сапарымен өлшеу жеткіліксіз. Ол орбитаға аттанбай тұрып-ақ әлемдік авиация мойындаған сынақшы-ұшқыш, өмірін жаңа әскери техниканы зерттеуге арнаған маман және бейбіт кезеңде Кеңес Одағының Батыры атағын алған санаулы тұлғаның бірі еді. Оның ғарышқа сапары – кездейсоқ келген атақ емес, ондаған жыл бойы жинақталған білімнің, темірдей тәртіптің және кәсіби батылдықтың заңды жалғасы болатын.

ТОҚТАР ДЕГЕН АТТЫҢ АМАНАТЫ

Тоқтар Әубәкіров 1946 жылғы 27 шілдеде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы 1-Май ауылында дүниеге келген. Бүгінде бұл елді мекен Тоқтар ауылы деп аталады. Балалық шағы соғыстан кейінгі ауыр кезеңге тұспа-тұс келген болашақ ғарышкер еңбекке ерте араласты. Сегізінші сыныптан кейін Теміртаудағы құю-механикалық зауытқа токарь болып орналасып, күндіз еңбек етсе, кешкі мектепте оқуын жалғастырды. Оның өндірістегі еңбегі де елеусіз қалған жоқ: 1964 жылы жас жұмысшының есімі Қарағанды облысының Құрмет кітабына енгізілді.

Аспанға деген ынта оның бойында бала кезінде оянған. BAQ.KZ-ке берген сұхбатында Тоқтар Әубәкіров ауылға келген санитарлық ұшаққа алғаш отырған сәті өмірлік арманын айқындағанын айтқан. Кейін ағаштан ұшақ модельдерін жасап, қанатын қайта-қайта жетілдіріп отырған. Ал әпкесі Бикен оның бала арманын өткінші әуестікке айналдырмай, біліммен ұштастыруға ықпал еткен. «Ұшқыш болғың келсе, жақсы оқуың керек» деген талап жасөспірім Тоқтардың өмірлік қағидасына айналды.

1965 жылы ол Армавирдегі жоғары әскери авиация училищесіне оқуға түсіп, оны 1969 жылы аяқтады. Одан кейін Қиыр Шығыс әскери округінде ұшқыш, звено командирі және эскадрилья командирінің орынбасары болып қызмет етті. Бірақ ол дайын ұшақты басқарумен ғана шектелуді қаламады. Оның мақсаты – әлі толық зерттелмеген, мүмкіндігі мен кемшілігі белгісіз жаңа техниканы алғаш сынайтын ұшқыш болу еді.

ҒАРЫШҚА ҰШПАЙ ТҰРЫП БАТЫР АТАНҒАН

1976 жылы Тоқтар Әубәкіров Мәскеудегі сынақшы-ұшқыштар мектебін аяқтап, Артем Микоян атындағы тәжірибелік-конструкторлық бюроға қабылданды. Сынақшы-ұшқыштың жұмысы сырттай романтикалық көрінгенімен, шын мәнінде әр ұшу адам өміріне төнген қатермен қатар жүретін. Жаңа ұшақтың әуеде өзін қалай ұстайтыны, қозғалтқыштың төтенше жағдайда жұмыс істей ме, басқару жүйесі қандай жүктемеге шыдайды – мұның бәрін ең алғаш кабинада отырған ұшқыш тексеретін.

Тоқтар Әубәкіров осы қызметте әскери авиациялық техниканың елуден астам жаңа үлгісін сынап, ұшақтардың сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға қатысқан. 1988 жылы ол әуеде екі рет жанармай құйып, Кеңес Одағы авиациясының тарихында алғаш рет Солтүстік полюс аймағына қонбай ұшу тапсырмасын орындады. Сол жылы көрсеткен ерлігі мен кәсіби шеберлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Оның есімін дүниежүзілік авиация тарихына енгізген ерекше сынақ 1989 жылы өтті. Тоқтар Әубәкіров МиГ-29К палубалық жойғыш ұшағын теңіздегі «Тбилиси» ауыр авиакрейсерінің палубасына қондырып, кейін сол ұшақпен трамплин арқылы қайта көтерілді. Қазақстан Қорғаныс министрлігінің мерейтойға орай таратқан дерегінде бұл жетістік Гиннестің рекордтар кітабына енгені көрсетілген.

Мұндай сынақтың қатерін ұшқыштың өзінің естелігі айқын көрсетеді. Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында ол өмірінде үш рет катапультпен ұшақтан шығу жөнінде бұйрық алғанын, бірақ үш жағдайда да кабинада қалғанын айтқан. Палубадан ұшу кезіндегі төтенше жағдайлардың бірінде кемедегілер оны теңізге құлады деп ойлаған. Бұл әрекетті жай ғана тәуекелшілдік деп түсіну аз. Сынақшы-ұшқыштың міндеті – техниканы мүмкіндігінің шегіне дейін тексеру, ақаудың себебін анықтау және сол тәжірибе арқылы кейінгі жүздеген ұшқыштың өмірін қорғау. Сондықтан Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа дейінгі жолы – әскери авиацияның қауіпсіздігін жетілдіруге арналған үлкен инженерлік мектеп еді.

ҒАРЫШҚА ҰШУДАН ЕКІ РЕТ БАС ТАРТҚАН

Кейінгі ұрпақ үшін таңғаларлық көрінгенімен, Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшу туралы ұсынысты бірден қабылдамаған.

Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында ол бұл ұсыныстан екі рет бас тартқанын айтқан. Себебі сол кезде сынақшы-ұшқыштық қызметін өмірінің басты ісі деп білді. Жаңа әскери ұшақтарды зерттеп, күрделі сынақтарды орындап жүрген маман үшін ғарышқа ауысу қалыптасқан кәсіби жолын тоқтатумен тең болатын.

1991 жылдың басында жағдай өзгерді. Ел басшылығы қазақ азаматының ғарышқа ұшуын тарихи қажеттілік ретінде көтерді. Әубәкіровке халықтың бұл күнді отыз жыл бойы күткені айтылғаннан кейін ғана ол ұсынысты қабылдап, «Қашан?» деп сұрағанын еске алады. Бұл шешімнің саяси және тарихи салмағы зор еді. Байқоңырдан ондаған ғарышкер аспанға көтерілгенімен, сол ғарыш айлағы орналасқан жердің байырғы халқынан бірде-бір адам орбитаға шықпаған болатын. Тоқтар Әубәкіровтің сапары осы тарихи әділетсіздіктің орнын толтырып, қазақ қоғамының ұлттық рухын көтерді.

Ол ғарышқа турист немесе салтанатты сапардың қатысушысы ретінде емес, зерттеуші ғарышкер ретінде дайындалды. Медициналық тексеруден өткеннен кейін 1991 жылғы 2 сәуірден 2 қазанға дейін алты ай бойы Жұлдызды қалашықта арнайы даярлықтан өтті. Авиацияда сан жыл шыңдалған тәжірибесі оған ғарыш бағдарламасын қысқа мерзім ішінде игеруге мүмкіндік берді.

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ТАРИХИ СӨЗ

1991 жылғы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіров экипаж командирі Александр Волков және австриялық ғарышкер Франц Фибекпен бірге «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа аттанды.

Ұшар алдындағы салтанатты рәсімде ол қалыптасқан хаттамадан шығып, Қазақстан басшысына қазақ тілінде рапорт берген. BAQ.KZ-ке берген сұхбатында ғарышкер сол сәтте: «Тоқтар Әубәкіров Қазақстан жерінен ғарышқа ұшуға дайын!», – деп мәлімдегенін еске алады. Зымыран көкке көтерілгенде де оның Отанға арналған сөзі қазақ тілінде айтылды. Бұл бір адамның ғана мәлімдемесі емес, ғарыш кеңістігіне алғаш жеткен қазақ тілінің үні еді. Тоқтар Әубәкіров «Мир» орбиталық стансасында 7 күн 22 сағаттан астам уақыт болып, 1991 жылғы 10 қазанда «Союз ТМ-12» кемесімен Жерге оралды.

ҒАРЫШТАН КӨРІНГЕН АРАЛ ҚАСІРЕТІ

Тоқтар Әубәкіров сапарының ең маңызды бөлігі – «Ғарыш–Қазақстан» ғылыми бағдарламасы болды. Оның аясында медицина, биология, экология, материалтану, атмосфера мен Жер бетін қашықтан зерттеу бағыттарында тәжірибелер жүргізілді.

Әсіресе Арал теңізінің тартылуынан туған экологиялық апатты бақылауға ерекше мән берілді. Ғарышкер құрғаған теңіз табанынан көтерілген тұзды шаңның Қазақстан аумағы арқылы солтүстікке таралуын арнайы таспаға түсірді. Кейін бұл материалдарды зерттеушілер пайдаланып, Арал тұзының алыс аймақтарға дейін жететінін зерделеді. Демек, Тоқтар Әубәкіровтің ғарыш сапары тек ұлттық мақтаныштың нышаны болған жоқ. Ол Қазақстан аумағындағы экологиялық апатты әлемдік ғылымның назарына жеткізген қолданбалы миссия еді.

Ғарышкер өзімен бірге отбасының суретін, Қорқыт ата пантеонынан алынған бір уыс топырақты және тұмар алып барғанын да кейінгі сұхбатында айтқан. Осы шағын дүниелер арқылы ол шексіз кеңістікке жеке отбасының ғана емес, туған жері мен халқының аманатын ала шықты.

АНА ТІЛІН НАМЫСПЕН ҮЙРЕНГЕН

Тоқтар Әубәкіров өміріндегі ерекше бетбұрыстың бірі – қазақ тілін саналы түрде меңгеруі.

Ғарыштан оралғаннан кейін қазақтілді журналистердің сұрақтарына толық жауап бере алмағанына ыңғайсызданған ол ана тілін терең үйренуге кіріскен. Қазақ әндерін күн сайын тыңдап, түсінбеген сөздерін дәптерге жазып, мағынасын тіл білетін адамдардан сұраған. Оның тіл үйренуіне ұлттық музыка, соның ішінде «Гауһартас» әні ерекше рухани әсер еткен. Massaget.kz порталына берген сұхбатында Тоқтар Әубәкіров: «Қазақты көштен қалдырмайтын тетік – намыс», – деп, ана тілін үйренуінің түпкі себебін ұлттық намыспен байланыстырған. Сонымен бірге жастарға өзге тілдерді меңгергенімен, ең алдымен қазақ тілін білу керектігін ескерткен. Оның бұл жолы ана тілін білмеген адамды айыптаудан бұрын, тілді кез келген жаста үйренуге болатынын дәлелдейді. Әлемдік деңгейдегі ұшқыш өзіндегі кемшілікті мойындап, тіл үйренуден намыстанған жоқ. Керісінше, ана тілін білмеуді намыс көріп, әрекетке көшті.

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ҒАРЫШ САЛАСЫН ҚАЛАУҒА ҚАТЫСТЫ

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Тоқтар Әубәкіров елге оралып, ұлттық қорғаныс және ғарыш саласының қалыптасуына араласты. Ол Мемлекеттік қорғаныс комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Қорғаныс министрінің орынбасары, Президенттің ғарыш мәселелері жөніндегі көмекшісі, Ұлттық аэроғарыш агенттігінің бас директоры қызметтерін атқарды. Кейін Парламент депутаты ретінде қоғамдық-саяси өмірге қатысты. Оның өмір жолындағы осы кезең қазақ ғарышкерінің міндеті орбитаға бір рет ұшумен аяқталмайтынын көрсетті. Ғарышқа жету – жетістік болса, тәуелсіз мемлекеттің ғылыми және қорғаныс жүйесін қалыптастыруға үлес қосу – ұзақ мерзімді жауапкершілік еді.

Бүгінгі мерейтойына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тоқтар Әубәкіровтің сынақшы-ұшқыш ретіндегі қызметін ерлік пен қорқынышсыздықтың үлгісі деп бағалап, елдің халықаралық беделін арттыруға, ұлттық аэроғарыш және қорғаныс өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Президенттің құттықтауын мерейтой иесіне Премьер-министр Олжас Бектенов табыстады.

БИІКТІКТІҢ ӨЛШЕМІ

Тоқтар Әубәкіровтің ғұмыры – қарапайым ауыл баласының табандылық арқылы әлемдік биікке көтерілу тарихы. Теміртауда станок алдында тұрған жас токарьдан әскери ұшқышқа, сынақшыдан Кеңес Одағының Батырына, одан қазақтың тұңғыш ғарышкеріне дейінгі жолда кездейсоқ жеңіс жоқ.

Оның өміріндегі әр белестің ар жағында үздіксіз оқу, техниканы жетік меңгеру, жауапкершілік және батыл шешім тұрды. Сондықтан Тоқтар Әубәкіровтің тұлғасын тек «ғарышқа ұшқан алғашқы қазақ» деген бір сөйлемге сыйғызу мүмкін емес.

Ол – жаңа әскери ұшақтарды өмірін қатерге тігіп сынаған маман.

Ол – Арал қасіретін ғарыштан зерттеген ғалым.

Ол – ана тілін кейін үйренсе де, оны ұлттық намыстың өлшеміне айналдырған азамат.

Ол – тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс және ғарыш саласын қалыптастыруға қатысқан мемлекет қайраткері.

Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа сапары сегіз күнге жуық уақытқа созылды. Ал сол сапарға бастар кәсіби жолы ондаған жылға ұласты. Оның шын ерлігі де осында: ғарышқа жеткенінде ғана емес, сол биікке халқының атын, тілін, топырағын және арманын бірге алып шыққанында.

Қазақтың көкке көтерілген рухына айналған Халық Қаһарманы Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 80 жаста.

Лилиана Әлжанова
Тілші