Бибісара Асаубаева — Шарджадағы үздік шахматшы әйел

Фото: El.kz/ Артем Чурсинов
Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Шарджа қаласында өткен халықаралық Sharjah Masters International Chess Championship 2025 шахмат турнирінде қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әйелдер арасында үздік нәтиже көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады.
Жоғары деңгейде өткен сайысқа 64 гроссмейстер мен 17 халықаралық шебер қатысты. Олардың рейтингтері 2453 пен 2771 аралығында болды. Бибісара атақты қарсыластарын — Қытай өкілі Чжу Цзиньэрді (2541) және үндістандық Дивья Дешмухты (2469) басып озып, әйелдер арасында үздік шықты.
Турнирге Қазақстаннан тағы бірнеше спортшы қатысты. Эдгар Мамедов, Бибісара Асаубаева және Ринат Жұмабаев 9 мүмкін ұпайдан 5 ұпай жинап, тиісінше 24, 28 және 29-орындарды иеленді.
Айта кетерлігі, Эдгар Мамедов биыл небәрі 14 жаста, алайда ол бұған дейін гроссмейстерлік нормативтерді орындап қойған болатын. Енді ол қажетті рейтинг межесінен асып, гроссмейстер атағын иеленуге бір қадам қалды.
Нәтижесінде, Қазақстан шахматында екі жаңа гроссмейстер пайда болмақ — Бибісара Асаубаева мен Эдгар Мамедов. Олардың атағы ФИДЕ Президенттік кеңесінің алдағы отырысында (2nd FIDE Council 2025) ресми түрде бекітіледі деп күтілуде.
Қазақстан шахматы үшін бұл — үлкен жетістік және болашаққа деген сенімді қадам.