Темекі ме, спорт па?

Патриот жаршысы
69

Астана қаласының әкімдігі

Астанада ерекше әрі тәрбиелік мәні зор акция өтті. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шарада спортшылар тұрғындарды зиянды әдеттерден арылып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

«Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған акция барысында темекі немесе вейп өнімін тапсырған тұрғындарға оның орнына спорттық құрал-жабдықтар ұсынылды. Бұл тың форматтағы бастамаға әсіресе жастар ерекше қызығушылық танытты.

Шараға кикбоксингтен әлем чемпионы Арсен Сойырқас, ашихара каратеден әлем чемпионы Абдулла Мусин және Азия чемпионы Махмет Эмирхан қатысып, өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.

– Бала кезден спортпен айналысқан соң, өміріміз белгілі бір тәртіппен қалыптасқан. Жастар темекі мен вейпке көбіне бос уақыттан, бағытсыздықтан әуес болады деп ойлаймын. Сол себепті біз оларға зиянды әдеттерді спорттық жабдықтарға алмастыруды ұсынып отырмыз. Көп адам мұндай акцияны бірінші рет көргенін айтып, таңданысын жасырмады, – деді Арсен Сойырқас.

Бұған дейін дәл осындай шаралар Mega, Keruen City сияқты ірі сауда орталықтары маңында өткен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табады.

Бұл – темекіні тастап, денсаулықты қолға алуға жасалған нақты қадам. Астаналықтар үшін бұл спортпен өмір сүрудің тағы бір ынталандырушы тәсіліне айналып отыр.

Малика Рүстем
тілші