Қазақстан – фристайлда ТОП-4 елдің қатарында

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі
Қазақстан фристайл спортынан әлемдегі үздік төрт елдің қатарында. Бұл пікірді Халықаралық шаңғы спорты федерациясының (FIS) фристайл бойынша рейс директоры Андреа Ринальди білдірді. Ол еліміздің фристайл спортына жасап жатқан қолдауын жоғары бағалап отыр.
Жуырда Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Андреа Ринальди ресми кездесу өткізіп, Қазақстандағы фристайл мен басқа да шаңғы түрлерінің дамуы туралы кеңінен талқылады. Әңгіме барысында халықаралық турнирлер мен болашақ жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыру мәселелері сөз болды.
Айта кетерлік жайт - 2025 жылдың қаңтарында Алматы қаласы тұңғыш рет фристайлдың могул және акробатика түрлерінен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын қабылдады. Андреа Ринальди бұл турнирдің ұйымдастырылуын жоғары бағалап, отандастарымыз Дінмұхамед Райымқұлов пен Анастасия Городконың өнеріне ерекше тоқталды.
FIS өкілі Қазақстанның фристайлдағы жетістіктерін мемлекет тарапынан жасалып жатқан жүйелі қолдау мен Халықаралық шаңғы федерациясымен бірлескен нәтижелі жұмыстың жемісі екенін атап өтті.
Кездесу соңында тараптар тығыз әріптестікті одан әрі нығайтып, спортшыларды қолдау мен фристайлды дамыту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі екендерін білдірді.
Еске сала кетейік, Ербол Мырзабосынов Мемлекет басшысының халықаралық спорт федерацияларымен байланысты күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында бірқатар беделді ұйым жетекшілерімен кездесу өткізіп үлгерді. Атап айтқанда, елімізге ресми сапармен IWF президенті Мұхаммед Хасан Джалуд әл-Шаммари, Азия ауыр атлетика федерациясының Техникалық комитеті төрайымы Ольга Соловьева, су спорты, дзюдо, күрес және өзге де халықаралық спорт федерацияларының басшылары келіп, ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Айта кетейік, 2026 жылы өтетін Милан қысқы Олимпиадасына небәрі 206 күн қалды. Қазақстанның спортшылары бұл дүбірлі додада да ел намысын абыроймен қорғайды деген сенім мол.