Абай жыры сарбаздар үнінде

ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Абай күні қарсаңында Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінде рухани тәрбие мен ұлттық құндылыққа деген құрмет ерекше көрініс тапты. Қатардағы жауынгерлердің арасында ұлы ақынның мұрасын қастерлеп өскен, жастайынан Абай шығармашылығына құмар сарбаздар бар.
Солардың бірі - қатардағы Бақытжан Артықбай. Әдебиетке бала кезінен әуес болған ол бастауыш сыныптан бастап Абайдың өлеңдерін жаттап өскен. Кейін республикалық Абай оқуларына қатысып, бас жүлдеге ие болған. Бүгінде Бақытжан ұлы ақынның 50-ден астам өлеңін жатқа біледі.
- Абайдың әрбір сөзі - тәрбие мен парасаттың мектебі. Сапта тұрып, ел тыныштығын күзетсем де, бос уақытымда Абай өлеңдерін қайталап, рухани кемелденуге тырысамын. Оның өлеңдерінен тереңдік пен тағылым табамын, - дейді жас сарбаз.
Ұлттық ұлан сапында Абай мұрасына ерекше құрметпен қарайтын тағы бір жауынгер - қатардағы Жұлдызбек Ромашев. Анасы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған ол да бала күнінен Абай әлеміне етене жақын болып өскен. Республикалық Абай оқуларында жүлдегер атанған.
Бүгінде қос сарбаз әскери борышпен қатар, Абайдың асыл сөзін замандастарына насихаттап, руханиятқа сүбелі үлес қосып жүр.
Айта кету керек, биыл - Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы. Осы мерейтой аясында Ұлттық ұланның барлық бөлімдерінде Абай апталығы мен поэзия кештері ұйымдастырылып жатыр. Бұл - рухани байлық пен ұлттық сананы ұлықтаудың нақты көрінісі.