Шымкентте жас сарбаздар Отанға адалдық антын берді

Патриот жаршысы
11

Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Шымкенттегі Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінде 400-ге жуық жас сарбаз салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Олар - Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген, Отан алдындағы борышын өтеуге келген азаматтар. Енді олар елінің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауға ант еткен жауынгерлер.

Салтанатты іс-шараға 1500-ден астам адам қатысты. Жас сарбаздардың ата-аналары мен жақындары бұл маңызды сәтке арнайы жиналып, перзенттерінің алғашқы әскери қадамдарының куәсі болды. Туыстарының жанарындағы қуаныш пен мақтаныш жас жауынгерлерге ерекше рух берді.

Шараны әскери бөлім командирі, полковник Марат Рахпанов ашып, сарбаздарға жүрекжарды тілегін жеткізді:

– Бүгін Сіздер Отанымыздың сенімді қорғаны, нағыз жауынгері атандыңыздар. Бұл – тек міндет емес, үлкен мәртебе. Анттарыңызға берік болыңыздар, – деді Марат Оралұлы.

Сарбаздарға құттықтау сөзін Ұлттық ұлан ардагерлері мен ата-аналар да арнады. Шара барысында жас сарбаздардың бірі ана туралы әсерлі ән орындап, көпшіліктің жүрегін елжіретті. Ал бөлімнің жеке құрамы «Мен – Қазақпын» атты патриоттық әнді бірге орындап, бірлік пен отаншылдық рухын көрсетті.

Әскери өмірге алғаш қадам басқан сарбаздардың бірі – Тараз қаласынан келген Батырхан Емберген:

- Бұл күн - мен үшін үлкен жауапкершіліктің бастауы. Бала кезімнен әскери қызметті армандадым. Енді сол арман шындыққа айналды, - деп бөлісті әсерімен.

Іс-шара соңында сарбаздар сап түзеп, салтанатты шерумен өтті. Кейін олар ата-аналарымен жүздесіп, әскери бөлім аумағында бірге серуендеді. Бұл күн сарбаздар мен олардың жақындарының жадында ұмытылмас сәт ретінде қалары сөзсіз.

Малика Рүстем
тілші