Қазақстан оқушылары – төрт дүркін әлем чемпионы!

ЖАС ПАТРИОТ
32

duman_ye Тредс парақшасынан

Жас қазақстандықтар әлемге тағы да өздерінің мықтылығын дәлелдеді!

Панама-Ситиде өткен FIRST Global Challenge (FGC) 2025 халықаралық робототехника олимпиадасында Қазақстанның ұлттық құрамасы қатарынан төртінші рет әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды patriotportaly.kz.

Бұл жолы біздің оқушылар экожүйелерді қалпына келтіруге арналған ерекше робот жасап, әлемнің 190 елінен келген қарсыластарын артта қалдырды. Команда бір емес, екі алтын жүлдені жеңіп алды:

🏆 GRAND CHALLENGE AWARD – турнирдің Бас жүлдесі, роботтық ойындардағы абсолютті чемпиондарға беріледі;

ALBERT EINSTEIN AWARD – инженерлік жаңашылдығы, командалық бірлігі мен көшбасшылық қасиеттері үшін берілетін жоғары марапат.

Еліміздің намысын NIS Алматы-Медеу мектебінің 9–10 сынып оқушылары — Рашат Досымжан, Дәулет Ілияс, Орынбасаров Алихан, Әсетұлы Мадиар және Тұрсымбаев Нұрасыл қорғады.

Команданы Нұрдәулет Досмағамбет, Асылбек Мұрзахметов және Дулат Байтуленов сынды тәжірибелі тәлімгерлер дайындаған.

Бұл жеңіс – еліміздің жас буынының білімге, ғылымға деген құштарлығы мен еңбегінің жемісі.

Бұған дейін Қазақстан құрамасы Женева (2022), Сингапур (2023) және Грекия (2024) кезеңдерінде де жеңімпаз атанған болатын.

Осылайша, Қазақстанның туы робототехника аренасында төртінші рет биікке көтерілді!

USTEM Foundation қоғамдық қорының жетекшісі Асылбек Мұрзахметов бұл жетістік жай ғана жеңіс емес, елдің болашағына деген сенімнің көрінісі екенін айтты:

«Біздің балалар төртінші рет қатарынан жеңімпаз атанды. Ең кереметі – әр жылы жаңа құрам жеңіске жетіп отыр. Бұл – Қазақстанда STEM-білімнің тұрақты дамуының айқын дәлелі», – деді ол.

 Биылғы олимпиада “Eco-Equilibrium” тақырыбында өтті. Ол жаһандық экологиялық тепе-теңдік пен биоәртүрлілікті сақтау мәселелеріне арналды. Қазақ командасының роботтары экожүйелерді қалпына келтірудің күрделі тапсырмасын мінсіз орындап, өз елінің атын асқақтатты.

Ұлттық құраманың жеңісін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің “Дарын” РҒПО, USTEM Foundation, Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы және Cannect.AI стартапы қолдап, ортақ жеңіске үлес қосты.

 Бұл жеңіс – Қазақстан жастарының ақыл-парасаты мен табандылығының жемісі.

Бүгінгі чемпиондар – ертеңгі елдің инженерлері, ғалымдары мен жаңашыл көшбасшылары!

Лағыл Намаз
тілші