Димаш Құдайберген Лондонда «Stranger» жеке турымен өнер көрсетті
Фото: Видеодан алынған скрин
Лондондағы әйгілі OVO Arena Wembley сахнасында алғаш рет Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды. Бұл ерекше сәт Димаш Құдайбергеннің «Stranger» жеке туры аясындағы концерті барысында өтті.
Концертке әлемнің түпкір-түпкірінен келген жанкүйерлер қатысты. Көптеген көрермендер қазақтың туын көтеріп, әншіні қолдады. Кейбірі қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тіліндегі әндерді орындады, бұл Димаш шығармашылығы арқылы қазақ мәдениеті мен ұлттық бірегейліктің әлемдік сахнада танылып жатқанын көрсетті.
Концерт аяқталғаннан кейін фанаттар әншіні қимай оның мінген көлігін қоршауға алды. Димаш жанкүйерлеріне ризашылығын білдіру үшін көліктің төбесіне шығып, қолтаңбалар беріп, бірге фотоға түсті. Сол сәтте жиналған қауым бірдей хормен оның әйгілі «Ұмытылмас күн» әнін орындады.
«Бұл видео концерттен кейін біз тоқтаған қонақүйдің алдында түсірілді. Барлығына алғыс айту үшін көлік төбесіне шығуға тура келді», — деп жазылған видеоға.
Сонымен қатар, Димаш Құдайберген Британияның «The Upcoming» журналына сұхбат берді. Әнші өзінің шығармашылығы, халықаралық сахналардағы тәжірибесі және Қазақстанның мәдениетін әлемге таныту жолындағы ойларын бөлісті.
Лондондағы концерт ұлттық мақтаныш пен патриоттық сезімді арттырған, қазақ мәдениетін әлемдік аренада дәріптеудің жарқын үлгісі болды.