«Домбыра — ұлттың мінезі». Махмұт Қошқарұлы: «Шебердің ең үлкен міндеті — домбыраны сезіну»

ЕҢБЕК АДАМЫ
71

Фото: Лағыл Намаз

Маңғыстау тумасы, дәстүрлі ән мектебінің өкілі, күйші әрі домбыра шебері Махмұт Қошқарұлы – ұлттық өнердің қалың ортасында жүрген дарын иесі. Ол Алматы консерваториясында білім алып, қазақтың белгілі дәстүрлі әншісі Құрманғали Тілеулесовтің шәкірті болған. Шебер Жетісу мектебін меңгергенімен қатар, Арқа мен Батыс дәстүрінің де қыр-сырына қанық. Шебер соңғы бес жылда қолөнерге ден қойып, домбыра жасауда өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келеді.

Талантты шебермен болған сұхбатымыз төмендегідей үш негізгі сауал төңірегінде өрбіді.

1. Домбыра жасауды неден бастадыңыз? Бұл кәсіпке алып келген себеп немесе адам бар ма?

– Иә, домбыра шеберлігіне келуіме себеп болған адамдар бар. Менің шебер достарым домбыра жасайтын еді, бірақ көбісі домбыра тарта бермейтін. Мен олардың жасаған домбыраларын тартып көріп, “мынауысы Арқа мектебіне лайық, бұл Батыс мектебінің үніне келеді, ал мына домбыра баритон дауысқа жақсы жарасады” деп таңдап беретінмін. Солай араласып жүріп олар маған: “Өзің де жасап көр, бос жүрсің, үйретейік. Бізге де көмегің тиіп жүр” – деп ұсыныс жасады. Осылайша шеберлікке келдім.

Шебердің айтуынша, қазір домбыраның кең тараған тоғыз үлгісі бар. Соның бірі – қозықұйрық домбырасы.

Қозықұйрық домбыраның мойны қысқалау, көбіне аққайыңнан жасалады. Құрманғазы, Қазанғап аталарымыз қолданған аспаптар осы үлгіге жақын, – дейді ол.

2. Домбыра жасаудағы ең басты мән мен жауапкершілік неде деп ойлайсыз?

– Домбыра жасаушы шебердің бірінші міндеті – домбыра тарта алуы. Тым болмаса екі күйді еркін орындаса жеткілікті. Себебі тапсырыс берушілердің ішінде “Арқа мектебіне лайық үн керек”, “Батыс дәстүріне тән қоңырлық болсын” деп нақты сұрайтындар кездеседі. Егер сен күй тартпасаң, домбыраның мінезін сезбей жасайсың. Ал шебердің домбыра тартуы — сапалы аспаптың ең басты алғышарты.

Шебердің жұмыс тәртібі де – шынайы еңбектің белгісі:

– Таңғы төрт-бесте шеберханаға келемін. Таңғы тыныштық – ағашпен тілдесудің уақыты. Домбыраның үні дәл сол шақта анық естіледі.

 3. Қазір жастардың дәстүрлі аспаптарға қызығушылығын қалай бағалайсыз, оны арттыру үшін не істеу керек?

– Қазіргі жастардың дәстүрлі аспаптарға қызығушылығы жақсы. Бірақ оны әлі де күшейтуге болады. Ең бастысы – әлеуметтік желіні дұрыс пайдалану. Домбыраның үнін, оның жасалу процесін, күйдің ерекшелігін видео арқылы жиі көрсетіп отырсақ, жастардың қызығушылығы одан сайын артады. Сонымен қатар мектеп бағдарламасына “Домбыра” пәнін енгізу – өте дұрыс шешім болар еді.

Сұхбат соңында Махмұт Қошқарұлы маңызды бір ойды ерекше атап өтті:

Домбыраға тапсырыс беретіндер алдымен өзі күй тарта алатын шеберді таңдауы керек. Домбыраның үні шебердің жүрегінен өтпесе, ол аспап ешқашан мінсіз шықпайды, – дейді ол.

Қазақтың қасиетті қара домбырасы — ғасырлардан жеткен үн, ұлттың тұтас болмысын сақтап тұрған киелі мұра. Махмұт Қошқарұлы секілді өнерін де, шеберлігін де қатар ұстаған тұлғалар — осы рухани дәстүрдің тірі діңгегі.

Ұлттың үнін ұлықтаған еңбек адамының сөзі бір-ақ нәрсені дәлелдейді: домбыра — қол еңбегі емес, жүрек еңбегі. Аспап жасау мен күй орындау — жай техника емес, әрбір үнімен ұлт тарихын, ата-баба мұрасын жаңғыртатын құдірет.

Киелі өнерді бағалау — тек жеке шебердің емес, бүкіл қоғамның міндеті. Домбыра арқылы жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды үйрету, дәстүрлі музыкаға қызығушылықты ояту, оны күнделікті өмірге енгізу — біздің ортақ жауапкершілігіміз.

Махмұт Қошқарұлының тәжірибесі мен ой-пікірлері көрсеткендей, домбыра жасау мен күй орындау шебердің бойындағы шыдамдылық, сезімталдық пен адалдықты талап етеді. Сол себепті ұлттық музыка мен қолөнердің әрбір қадамы — ұлт рухының биік шыңы, ал оны сақтап, дамытатындар — шынайы еңбек адамдары.

Домбыра — тек аспап емес, ол қазақтың жүрегі, қазақтың үні. Ал бұл үнді келер ұрпаққа жеткізу — баршамыздың ұлт алдындағы асыл міндетіміз.

Лағыл Намаз
тілші