Жетісуда Сиверс алма ағашының гүлдеуі фестивалі өтеді

Патриот жаршысы
13

Фото: istockphoto.com

2026 жылғы 2 мамырда Жетісу облысында Сиверс алма ағашының гүлдеуіне арналған ауқымды фестиваль өтеді. Іс-шара Жетісу Алатауының баурайында, «Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» аумағында ұйымдастырылады, – деп хабарлайды Patriotportaly.kz.

Фестиваль Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылға арналған туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген. Іс-шара оқиғалық туризмді дамытуға және елдің мәдени имиджін нығайтуға бағытталған.

Сиверс алмасы – қазіргі барлық мәдени алма сұрыптарының арғы тегі. Оның гүлдеу кезеңінде тау бөктерлері ақ-қызғылт реңктерге боялып, ерекше табиғи көрініс қалыптастырады. Бұл өз кезегінде экологиялық туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасайды.

Фестиваль аясында мазмұнды бағдарлама ұсынылады:

- гүлдеген алма бақтарының панорамалық көріністері;
- пленэр форматындағы көркемсурет байқауы;
- хедлайнерлердің қатысуымен мәдени-ойын-сауық бағдарламасы;
- ұлттық спорт ойындары;
қолөнершілер жәрмеңкесі мен шеберлік сағаттары.

Фестивальді өткізу өңірдің табиғи және мәдени мұрасын кеңінен танытуға, сондай-ақ оның туристік тартымдылығын ұлттық және халықаралық деңгейде арттыруға ықпал етеді.

Лағыл Намаз
тілші