Қазақстандық киберспортшы Данил Голубенко халықаралық аренаны тағы бір мәрте мойындатты
Фото:Спортшының жеке парақшасынан
Қазақстандық 20 жастағы киберспортшы Данил Голубенко, халықаралық ареналардағы даралығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ол Гонконгте өткен Blast Rivals Finals Season 2 турнирінің ақтық кезеңіне жолдама алып, финалда үздік ойын көрсетіп, командасын жеңіске жетеледі.
Финалдық бәсекеде FURIA командасы мықты қарсылас Team Falcons құрамын 3:1 есебімен жеңді. Жеңістен кейін Данил жанкүйерлеріне алғысын білдірді:
«Бізге сеніп, қолдайтын барлық адамдарға үлкен рақмет! Командам – өмірімдегі алғашқы командаммен бірге осындай ірі жеңістерге жетіп жатқаныма қуаныштымын. Мен өте бақыттымын. Жақындарыңызды бағалаңыздар. Барлығына тағы да рақмет. Майорда кездескенше!» – деді ол.
Айта кетейік, FURIA құрамында үш бразилиялық, бір латын америкалық ойыншы және қазақстандық Данил Голубенко өнер көрсетеді. Осы жеңіс арқылы Голубенко командасымен қатарынан үшінші халықаралық турнирдің чемпион атанды. Бұған дейін қыркүйек айында өткен Fissure Playground 2 турнирінде де топ жарған. Сондай-ақ, жуырда Қытайдағы IEM Chengdu турнирінде жеңіске жетіп, 1 миллион АҚШ долларын иеленді. Бұл екі турнирде де ол ең үздік ойыншы (MVP) атанды.
Осылайша, бір жылдың ішінде Данил Голубенко үш ірі халықаралық жарыстың жеңімпазы атанып, киберспорт әлемінде сирек кездесетін жоғары нәтижеге қол жеткізді. Қазақстандық спортшы киберспорт қауымдастығында “Молодой” деген лақап атымен танымал.
Бұл жетістік – еліміздің киберспорттағы беделін арттырып, жас ойыншылар үшін үлгі боларлық үлкен табыс.