Жастар ел рухын көтерді: «Чемпиондық рух» жобасы есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыруға шақырды

Патриот жаршысы
19

Фото: Видеодан алынған скрин

Алматы облысы, Қарасай ауданындағы SDU University алаңында өткен «Чемпиондық Рух» жобасы – бүгінгі жас буынның бойына салауатты өмір салты мен отансүйгіштік рухын сіңіретін маңызды бастама ретінде танылады. Бұл жоба еліміздің болашағы саналатын жастарды есірткісіз өмірге, жігерлі болуға, мықты ұлттық иммунитет қалыптастыруға бағытталған.

Шараға 200-ге жуық жас қатысып, спортпен айналысудың денсаулық үшін ғана емес, ел болашағы үшін маңызды құндылық екенін сезінді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – жастарды шынықтыру, олардың рухани беріктігін арттыру және есірткіге қарсы тұратын мықты ұрпақ қалыптастыру.

«Дені сау ұлт – мықты мемлекет»

Алматы облыстық мәслихат депутаты, ҚР ІІМ жанындағы Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу кеңесінің мүшесі, джиу-джитсудан қара белбеу иегері, грэпплингтен Азия чемпионы, жобаның амбассадоры Нұрсұлтан Орынбасаров жастарға үндеу жасады:

«Чемпиондық рух – бұл тек жоба емес, бұл – елдің денсаулығын нығайтатын ұлттық бастама. Әрбір жас таңғы жаттығуды әдетке айналдырса, біз дені сау ұлт, қуатты қоғам, мықты мемлекет қалыптастырамыз. Денсаулық – мемлекеттің ең үлкен күші. Бұл жоба бүкіл өңірлерді қамтып, ұлттық дәстүрге айналарына сенемін», – деді ол.

Есірткіге қарсы моральдық қалқан

Алматы облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ардақ Қайсаров шараның тек физикалық емес, моральдық тәрбиелік маңызы үлкен екенін атап өтті:

«Бұл бастама жастардың бойында чемпиондық мінез қалыптастырып, оларды есірткіге қарсы тұруға шақырады. Жастардың есірткісіз болашақ құруына мүмкіндік береді», – деді ол.

Әлемдік аренада ел мерейін асырған жас чемпиондар марапатталды

Шара барысында БАӘ, Абу-Дабиде өткен Джиу-джитсу бойынша Әлем чемпионатында жүлдегер атанған Сағадат Батыр спорт клубының спортшылары Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеевтің атынан алғыс хаттармен марапатталды.

Марапат иегерлері:

Лашын Нұрмағанбет – жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы

Николоз Саруа – балалар арасында Әлем чемпионы

 Айлин Искакова – балалар арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері

 Радмир Николаенко – балалар арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері

Олар – ел намысын асқақтатып жүрген, жас буынға үлгі болатын нағыз патриоттар.

Іс-шараға елге белгілі тұлғалар қатысты:

Жастармен өткен бұл жиынға:

Қарасай ауданы Полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұсқабек Зауланбаев

Полиция полковнигі Ардақ Қайсаров

Самбо және дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айсара Керімбекова

Ауыр атлетикадан тұңғыш әлем чемпионы, ҚР еңбегі сіңген спорт шебері Жасұлан Қыдырбаев

Қоғам белсендісі, блогер Алпамыс Жарылқасынов

Джиу-джитсудан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы Райхан Абдулаева

Жобаның амбассадоры Нұрсұлтан Орынбасаров

SDU университетінің проректоры Мұхаммедали Ибрагимов

және талай танымал спортшылар мен белсенді жастар қатысты.

Жобаның серіктесі – «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» қанаты

«Чемпиондық Рух» жобасы «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бұл – жастардың бос уақытын пайдалы өткізуіне, спорт арқылы өз әлеуетін ашуына, елге пайдалы күшке айналуына серпін беретін нақты қадам.

Лағыл Намаз
тілші