АСТАНАЛЫҚ ЖАСТАР – ӘЛЕМДІ ТАҒЫ ДА ТАҢҚАЛДЫРДЫ!
Фото: astana_akimdigi_akimat_astana
ТҮРКИЯДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬДЕ ҚАЗАҚСТАН ТУЫ ЖОҒАРЫДАН ЖЕЛБІРЕДІ
Астананың дарынды аспаздары Түркияда өткен беделі биік GASTRO ANTALYA халықаралық фестивалінде топ жарып, Қазақстанның абыройын тағы бір мәрте асқақтатты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Алты жылдық тарихы бар бұл ауқымды дода – әлемнің ең үздік шеф-аспаздары мен кондитерлерін бір жерге тоғыстыратын, кәсіби шеберліктің ең жоғары деңгейін айқындайтын халықаралық алаң. Соңғы алты жылда 25 елден 4000-нан астам маман қатысқан бұл фестиваль – нағыз бәсекенің, мықтылардың мекені.
Осындай жауапты сынға Астана қаласы әкімдігінің Технологиялық колледжі мен Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің жас мамандары қатысып, еліміздің намысын қорғады. Нәтижесінде – Қазақстан командасы үздіктер қатарынан көрініп, ел мерейін үстем етті.
Технологиялық колледждің өндірістік оқыту шебері Байжігіт Болысхан мен студент Ләззат Асланқызы «Наубайхана ісі» құзыреттілігі бойынша халықаралық деңгейде бірінші орынға ие болды. Бұл – еліміздегі кәсіби-техникалық білім беру жүйесінің сапасын, отандық мұғалімдер мен жастардың бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейтін зор жетістік.
Технологиялық колледжбен Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің болашақ жұлдыздары – Манас Сқақ пен Ескендір Салықов өздерінің кәсіби шеберлігін жоғары деңгейде көрсетіп, екі алтын және екі күміс медальді ел қоржынына салды.
Бұл жеңіс – жай ғана медаль емес. Бұл – қазақстандық жастардың талантының, қажырының және отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің айқын көрінісі.