Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады
Фото: Ақорда
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке еліміздің ең жоғары мемлекеттік марапаттарының бірі — «Алтын Қыран» орденін табыстады.
Бұл – бауырлас екі халық арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың берік әрі сенімді деңгейін көрсететін маңызды қадам.
Салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысы Сердар Бердімұхамедовтің:
жаңа буынның беделді саяси қайраткері,
Түрікменстанның мемлекеттілігін, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін және халықаралық аренадағы орнын күшейтіп келе жатқан көреген көшбасшысы екенін атап өтті.
Президент Тоқаев Ашхабадтың бейбітшілік, тұрақтылық және дипломатия орталығы ретіндегі беделін арттырудағы түрікмен басшылығының еңбегіне ерекше тоқталды.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы достық, өзара түсіністік және стратегиялық серіктестікті дамытуға қосқан үлесі үшін Сердар Бердімұхамедовке жоғары баға берді.
Бұл марапат — екі елдің тарихи сабақтастығына, бауырлас халықтардың мызғымас бірлігі мен достығына деген құрметтің айқын белгісі.