ЕРЛАН ТӨЛЕУТАЙ ДУБЛИН МЕН ПАРИЖДЕ «ҮЗДІК АКТЕР» АТАНДЫ

Патриот жаршысы
34

Ерлан Төлеутай. Фото: Facebook/Мирас Асан

Ұлттық өнердің мәртебесін әлем сахнасында асқақтатқан қуанышты жаңалық!

Белгілі дәстүрлі әнші, өнертанушы, қазақ мәдениетінің жанашыры Ерлан Төлеутай екі бірдей халықаралық фестивальде «Үздік актер» атанды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

12–22 қараша аралығында Ирландияның Дублин қаласында өткен XIII Silk Road International Film Festival қорытындысы бойынша режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмінде басты рөлді сомдаған Ерлан Төлеутай халықаралық қазылар алқасының шешімімен «Үздік актер» жүлдесін иеленді.

Бұл — қазақ актерінің табиғи дарыны мен ұлттық болмысты дәл жеткізе білу шеберлігінің әлемдік деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі.

Осыдан кейін Франция астанасында өткен Қазақ киносы фестивалінде де Ерлан Төлеутайдың өнері жоғары бағаланып, ол тағы да «Үздік актер» атағын жеңіп алды.

Париждегі марапат — қазақ өнеріне деген құрмет пен қызығушылықтың артып келе жатқанының көрінісі.

Бұл жеңістер отандық кинематографияның жаңа белеске көтеріліп, халықаралық кеңістікте өз орнын нықтап келе жатқанын көрсетеді.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Ерлан Төлеутайға және «Әбіл» фильмінің шығармашылық тобына ұлттық кино өнерін дамытуға, Қазақстанды шетелде танытуға қосқан зор үлесі үшін алғыс білдірді.

«Бұл марапаттар — қазақстандық киноның жоғары кәсіби деңгейін, қазақ актерлерінің әлемдік сахнада лайықты өнер көрсете алатынын дәлелдейді», — делінген министрлік хабарламасында.

Ерлан Төлеутайдың қос жеңісі — тек бір актердің емес, Қазақстан өнерінің, қазақ рухының жеңісі..

Лағыл Намаз
тілші