ЕРЛАН ӘЛІМХАНОВТЫҢ DRONE-ТЕХНОЛОГИЯСЫ АҚШ-ТАҒЫ ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

Патриот жаршысы
32

Фото: 24kz

Қазақстандық инженер, Шығыс Қазақстанның тумасы Ерлан Әлімханов АҚШ-та өткен әлемдегі ең ірі қорғаныс және жоғары технологиялар платформаларының бірі — Defence TechConnect конференциясында ел абыройын асқақтатты.

200-ге жуық инновациялық жобаның арасынан оның «MegaDrone 360» өнертабысы үздік ондыққа енді. Бұл — бір адамның емес, төрткіл дүниеге қазақ инженерлік ойының деңгейін көрсеткен тұтас елдің жеңісі.

Ерлан Әлімханов жасаған дронның басты ерекшелігі — вертикалды 360 градусқа бұрылатын модулі. Бұл технология аппаратына сегіз түрлі міндетті жоғары дәлдікпен орындауға мүмкіндік береді.

Оны төмендегі бағыттарда қолдануға болады:

төтенше жағдайларда құтқару

медицина және жедел көмек

 өрт сөндіру

жүк тасымалы

ойын-сауық индустриясы

және ең бастысы — әскери технологиялар

Вашингтондағы сарапшылар ерекше қызығушылық танытып, бұл дронды жаңа буын әскери стратегиясына ықпал етуі мүмкін құрал деп бағалады.

Ерлан Әлімханов презентация кезінде әдейі өзін дәл осылай таныстырғанын айтады.

Оның сөздері — әрбір қазақстандықтың жүрегінде мақтаныш сезімін оятатын нағыз патриоттық ұстаным:

«Бұл жетістік — жеке менің емес, бүкіл Қазақстанның нәтижесі. Американдықтар біздің елде де білікті инженерлер мен озық ойлы мамандар бар екенін білсін», — дейді ол.

Инженер 2021 жылы талант-виза арқылы АҚШ-қа барып, соңғы жылдары дрон технологиялары бағытында үздік халықаралық командалармен тең дәрежеде еңбек етіп келеді.

«MegaDrone 360» — екі жылдық тынымсыз еңбектің жемісі, әрі 200-ге жуық жоба арасынан дара оза шыққан нағыз ұлттық мақтаныш.

АҚШ-тың қорғаныс саласының сарапшылары Ерланның өнертабысын ерекше атап өтті:

Уильям Хюз, сарапшы:

«360 градусқа толық бұрылатын модуль — соғыстағы стратегияны өзгерте алатын шешім. Бұл дрон тек әскери емес, құтқару мен медицинада да бірегей құрал болуы мүмкін».

Дәл осындай жоғары баға — қазақ инженерлік мектебінің әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көрсететін айқын дәлел.

Қазір Калифорния штатының Фремонт қаласында жұмыс істеп жатқан Ерлан дронды әрі қарай жетілдіріп, инвестиция тартуды жоспарлап отыр.

Тіпті MegaDrone 360-ты алысқа тасымалдауға арналған төрт аяқты автономды платформа жасау жоспарланды.

Бір дронның бағасы шамамен 60 мың доллардан басталуы мүмкін — бұл оның жоғары деңгейі мен нарықтағы бәсекелестікке толық дайын екенін аңғартады.

Ерлан Әлімхановтың жеңісі — тек технологиялық жетістік емес.

Бұл — қазақстандық ғылымның, инженерияның, жасампаз ойдың әлемдік бәсекеде өз орнын алатынын дәлелдеген тарихи сәт.

Қазақ баласының қолынан шыққан дронның АҚШ-та үздік деп танылуы — ұлттық рухтың, білімнің, таланттың және қажырлы еңбектің жеңісі.

Лағыл Намаз
тілші