Қазақстан құрамасы XXV жазғы Сурдлимпиадада 25 медаль жеңіп, тарихи нәтиже көрсетті
Фото: ҚР Спорт комитеті
Токио қаласында өткен XXV жазғы Сурдлимпия ойындары өз мәресіне жетті. Қазақстан ұлттық құрамасы жарысты табысты аяқтап, жалпы қоржынға 8 алтын, 4 күміс және 13 қола – барлығы 25 медаль салды. Бұл – ел спорты үшін аса маңызды әрі мақтанышқа лайық көрсеткіш.
Дзюдошылар – жалпыкомандалық есепте бірінші орынды еншіледі.Сурдо дзюдо спортшылары Қазақстанның басты жетістігіне айналды.
Олар:
5 алтын 2 күміс 4 қола жеңіп, барлығы 11 медаль иеленді. Осылайша отандық дзюдошылар жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шығып, Қазақстан тарихындағы ең үздік нәтижені тіркеді. Бұл – еліміздің сурдо дзюдо саласындағы бұрын-соңды болмаған рекорд.
Еркін күрес спортшылары – 1 алтын, 1 күміс, 3 қола;
Грек-рим күресі өкілдері – толық медаль жиынтығын еншіледі (алтын, күміс, қола).
Фаина Мейірманова – Сурдлимпиада чемпионы және рекорд жаңартушы
Жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасы 1 алтын және 1 қола медаль алды.
Биіктікке секіруден бақ сынаған Фаина Мейірманова 1,79 метр нәтижемен чемпион атанып қана қоймай, жарыс рекордын жаңартты. Бұрынғы рекорд – 1,75 м (2013 жыл).
Таеквондо және үстел теннисі спортшыларының нәтижесі
Таеквондошылар — 3 қола
Үстел теннисінен ерлер командасы — қола медаль
ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев Қазақстан спортшыларының жоғары деңгейін атап өтті:
«Еліміздің сурдо спортшылары халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді. Қазақстан құрамасы 81 елдің ішінде үздік бестіктен көрінді. Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандар спортына жасалып жатқан мемлекеттік қолдаудың нәтижесі. Алдағы уақытта да спортшыларымызға жан-жақты қолдау көрсетеміз», – деді ол.
Токио қаласында өткен Сурдлимпиада ойындарына 81 елден 3 000-ға жуық спортшы қатысты. Олар 21 спорт түрі бойынша 209 дисциплинада бақ сынады. Қазақстан құрамасының сапында 78 спортшы 8 спорт түрінен өнер көрсетті.