Димаш Құдайберген Мысырда тұңғыш рет жеке концертін өткізді
Фото: kudaibergenov.dimash instagram парақшасынан
Әлемді мойындатқан қазақ өнерінің айрықша мақтанышы, Қазақстанның және Қырғызстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген Мысырдағы Гиза қаласында өткен «The Pyramids Echo» халықаралық фестивалі аясында өзінің алғашқы жеке концертін өткізді.
Тарихы терең Мысыр пирамидаларының түбінде қазақстандық ту алғаш рет желбіреген бұл кеш — қазақ өнерінің жаңа биікке көтерілгенінің айқын дәлелі.
Димаш Африка құрлығында, адамзат өркениетінің алтын бесігі саналатын пирамидалар сахнасында жеке шығармашылығын паш еткен алғашқы қазақстандық, әрі ТМД елдерінен шыққан тұңғыш әртіс атанды.
Бұл – тек өнер жетістігі емес, Қазақстан мәдениетінің халықаралық деңгейде жаңа белеске шыққанын айқындайтын зор жеңіс.
«The Pyramids Echo» фестивалінің ең маңызды бөлігі – Pyramids Panorama алаңындағы жабылу концерті де арнайы түрде Димаш Құдайбергенге сеніп тапсырылды.
Бұл шешім – өнерімен бүкіл әлемді тәнті еткен қазақ әншісіне көрсетілген құрмет, сондай-ақ Қазақстанның мәдени бренді ретінде Димаштың беделінің тағы бір дәлелі.
Димаштың Мысырдағы триумфы – қазақ ұлтының өнер жолындағы жаңғырығы әлемді шарлап, биік мінберлерде асқақтай түскенін көрсететін тарихи оқиға.