Аида Балаева: Қазақстанда волонтерлікті мемлекеттік қолдаудың біртұтас жүйесі қалыптасты

Патриот жаршысы
49

Фото: Александр Павский

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Халықаралық волонтерлер күні қарсаңында еліміздің барлық еріктілерін мерекемен құттықтады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

Министр өз құттықтауында волонтерлік қозғалыстың Қазақстандағы қоғамдық өмірдің маңызды бөлігіне айналғанын атап өтті.

– Құрметті волонтерлер! Құрметті достар!

Сіздерді Халықаралық волонтерлер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қазіргі кезде волонтерлік қозғалыс еліміздің мәдениет, білім, экология, медицина, әлеуметтік қолдау мен қайырымдылық сияқты бағыттарының дамуына зор үлес қосып отыр. Соңғы жылдары Қазақстанда волонтерлікті мемлекеттік қолдаудың біртұтас жүйесі қалыптасты. Бұл сала әрқашан мемлекеттік саясаттың назарында, – деді Аида Балаева.

Министр БҰҰ-ның Нью-Йорк қаласындағы Штаб-пәтерінде дәл бүгін Орнықты даму жолындағы Халықаралық волонтерлер жылының ресми түрде жарияланғанын айтты. Айтуынша, бұл бастама Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен жүзеге асқан.

– Аталған жыл Қазақстан үшін «Бірге – тұрақты болашақ үшін!» ұранымен жақсылық пен бірліктің жалпыхалықтық мерекесіне айналады. Халықаралық жыл жаһандық серіктестік рухында жаңа мүмкіндіктер ашып, миллиондаған адамдарды тұрақты, әділ және бейбіт әлем құру жолында біріктіреді, – деді министр.

Аида Балаева еріктілердің азаматтық белсенділігіне, қоғамға сіңірген еңбегіне жоғары баға беріп, мемлекет тарапынан қолдау жалғасатынын жеткізді.

– Біз волонтерлік бастамаларды әрі қарай дамыта береміз. Барлық еріктілерге ел дамуына қосқан үлесі, еңбегі мен мейірімділігі үшін алғыс айтамын. Ізгілікті істеріңіз әрдайым құрметке ие болып, адамдарға қуаныш сыйлағай, – деді ол.

Айта кетейік, жақында «Жыл волонтері – 2025» халықаралық сыйлығының жеңімпаздары жарияланған болатын.

Лағыл Намаз
тілші