Қарин: Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру қоғамның ортақ міндеті
Фото:Ақорда
Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамыту мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Мемлекет бұл бағытта қажетті жағдайды жасап келеді, алайда негізгі жауапкершілік — қоғамның өзінде. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Мемлекеттік кеңесші «Жас Алаш» газетінде жарияланған «Кітап оқымайтын қоғам: Жалған статистикаға жасырынған шындық» атты материалға пікір білдіріп, онда көтерілген мәселелердің өте өзекті екенін атап өтті. Талқыға жетекші баспагерлер мен кітапхана қызметкерлері де үн қосқан.
«Жастарды әлеуметтік желіге тәуелділіктен шығарып, кітапқа баулу — қоғамның ортақ жауапкершілігі. Мемлекет ешкімді күшпен оқыта алмайды, бірақ барлық жағдайды жасау біздің міндет», — деді Қарин.
Ол Мемлекет басшысының «Озық ойлы ұлт болудың төте жолы — кітап оқу» деген сөзін мысал келтіріп, қоғамда тұрақты оқырман ортасын қалыптастырудың ерекше маңызын атап өтті.
Соңғы жылдары кітап оқуды қолдауға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынды:
23 сәуір — Ұлттық кітап күні болып белгіленді;
«Балалар кітапханасы» және «Кітап-Amanat» жобалары іске қосылды;
Әр қазақстандық оқуға тиіс 100 кітап тізімі жасалды;
Алматыдағы бірқатар кітапхана 24/7 режиміне көшті;
Президент бастамасымен тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи Ұлттық кітапхана құрылысы басталмақ.
Бүгінде қоғамдық кітапханаларда 72 млн-нан астам құжат бар, биыл олардың қоры 1 миллионнан аса жаңа басылыммен толыққан. Электронды контент көлемі – 2,2 млн материал. Онлайн оқу платформалары да белсенді жұмыс істеп келеді.
Қариннің айтуынша, инфрақұрылым бар, қолдау бар, ендігі негізгі мақсат — оқуға құштар қоғам қалыптастыру. Үлгі болатын белсенді оқырмандар ортасын кеңейту — болашақ ұлт сапасына тікелей әсер ететін фактор.