Димаш Құдайберген – Халықаралық көші-қон ұйымының жаһандық ізгі ниет елшісі

34

Фото: IOM

Танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық көші-қон ұйымы (IOM) тарапынан жаһандық ізгі ниет елшісі болып тағайындалды. Бұл туралы шешім Женевада өткен ұйым кеңесінің кезекті сессиясында жарияланды.

Халықаралық ұйым өкілдері Димаштың өнері мен қоғамдық ұстанымы адамзаттың ортақ құндылықтарын дәріптеуге зор үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Әнші шығармашылығында гуманизм, мейірім, мәдениеттерді жақындастыру идеяларын алдыңғы орынға шығарып жүр.

IOM дерегінше, Димаштың «Stranger» атты концертік туры Нью-Йорк, Мехико, Берлин сынды мегаполистерде өткен. Әлемнің әр түкпірінен жиналған 100 мыңнан астам көрермен оның өнерін жоғары бағалап, «жүрекке ем, жанға дауа» деп пікір білдірген.

2024 жылы Димаш Халықаралық көші-қон ұйымының аймақтық ізгі ниет елшісі мәртебесін алған болатын. Енді ол жаһандық деңгейдегі миссияға кірісіп, мигранттардың құқықтарын қорғау, қауіпсіз әрі реттелген көші-қонды ілгерілету, гуманитарлық бастамаларды қолдау бағытында жұмыс істейді.

Бұл тағайындау – Қазақстанның мәдени дипломатиясының тағы бір жарқын жетістігі және отандық өнердің әлемдік аренадағы бағасының айқын дәлелі.

Лағыл Намаз
тілші