Астанада жаңа Өнер мұражайы ашылды
Фото:Астана әкімдігі
Елордада жаңа Өнер мұражайының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға қаладағы гидтер, экскурсоводтар, туроператорлар мен туристік қауымдастық өкілдері қатысты.
Тұсаукесер барысында ұлттық музыкалық аспаптардың көрсетілімі ұсынылып, «Жошы» этно-фольклорлық ансамблі арнайы концерттік бағдарламасын орындады.
Мұражай экспозициясында 1600-ден астам ұлттық музыкалық аспап қойылған. Коллекцияда сирек кездесетін және ұмыт болуға жақын көне аспаптар — желбуаз, мес сырнай, уілдек, тастауық және басқа да тарихи құралдар ерекше орын алады. Барлық аспапты музей қызметкерлері өз қолымен жасаған.
Мұражай жанында Болат Сарыбаев атындағы ғылыми-зертханалық шеберхана жұмыс істейді. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған орталықта ұлттық аспаптарды ғылыми негізде зерттеу, қалпына келтіру және көпшілікке ұсыну жұмыстары жүргізілмек.
Сондай-ақ мұражайда ұлттық киімдер мен бас киімдердің бірегей топтамасы қойылған. Ірі мәдени іс-шаралар кезінде музей қызметкерлерінен құралған JOSHY QAZAQ NATIONAL GROUP мультиаспаптық ансамблі өнер көрсетеді.
Айта кетейік, жаңа мұражай XIX ғасырдың соңында салынған көне мектеп ғимаратында орналасқан. Бұл нысан 1982 жылдан бері республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші ретінде мемлекет қорғауында тұр.