Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Патриот жаршысы
8

Фото:Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады. 

Президент өз үндеуінде Тәуелсіздіктің еліміз үшін айрықша тарихи маңызға ие екенін атап өтті.

«Құрметті отандастар! Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Бұл мереке – халқымыздың тағдырлы таңдауын айқындайтын қасиетті күн. Дәл осы күні Қазақстан егемен ел ретінде даму жолын ерікті әрі түпкілікті таңдады.

Тәуелсіздік – бәрінен қымбат. Біз бабалар рухына тағзым етіп, өскелең ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілікті терең сезіне отырып, осы ұстанымға адал боламыз»,** – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында берік бірлік, өзара қолдау және жасампаз еңбек арқасында елеулі жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті. Сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылық пен келісім ел дамуының басты тірегі екенін айтты.

Қазіргі кезеңде әлемде ауқымды өзгерістер жүріп жатқанын ескерткен Мемлекет басшысы жаңа тарихи дәуірдің тың мүмкіндіктермен қатар түрлі сын-қатерлерге толы екенін жеткізді.

«Осындай уақытта біз жас әрі озық ойлы ұлт ретінде болашаққа зор үмітпен, нық сеніммен қарауымыз керек. Берекелі бірлігімізді сақтап, еліміздің жаһандық беделі мен бәсекеге қабілетін арттыру жолында аянбай еңбек ету – ортақ міндет», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар ел дамуына серпін беретініне сенім білдіріп, стратегиялық бағыттан ауытқымай, Әділетті, Күшті, Таза әрі Қауіпсіз Қазақстан құру жолында бірігіп еңбек етуге шақырды.

Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарға бақ-береке, мол табыс тілеп, Тәуелсіздіктің тұғыры әрдайым биік болуын тіледі.

Қастерлі Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!

Лағыл Намаз
тілші