Өзбекстанда Шәмші әндері шырқалды

Патриот жаршысы
82

Фото:24kz

Өзбекстанда тұратын қандастар қазақтың әйгілі сазгері Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай ән байқауын ұйымдастырды. Шара қазақтар тығыз қоныстанған Жоғарғы Шыршық аймағында өтті.

Байқауға оннан астам өнерпаз қатысып, композитордың елге кеңінен танымал әндерімен қатар, сирек орындалатын шығармаларын да орындады. Шәмші әндеріне деген құрмет пен сағыныш кеш барысында айқын сезілді. Залға жиналған көрермендер байқау қатысушыларымен бірге әнге қосылып, рухани әсер алды.

Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығы – қазақ халқының рухани қазынасы. Шет жерде жүрген қандастар да композитордың әрбір әнін жатқа біліп, оның туындыларына деген сүйіспеншілігін ерекше ықыласпен көрсетті.

Қазылар алқасының мүшесі Анар Нәлібаева Шәмші әндерінің халық өміріндегі маңызына тоқталды:

— Шәмші атамыздың әндерін тыңдамайтын қазақ жоқ. Оны «вальс королі» деп бекер айтпаған. Шәмшінің әндері әр отбасында, жиын-тойларда шырқалады. Ақ жаулықты аналарымыз да, ақсақалдарымыз да, жастар да бұл әндерден рухани күш алады, — деді ол.

Байқау барысында қатысушылардың жоғары дайындықпен келгені байқалды. Осыған байланысты қазылар алқасына үздікті анықтау оңайға соқпады.

Байқау жеңімпазы Марат Оразбаев өз әсерімен бөлісті:

— Шәмші әндерін бала кезден орындап өстік. Бүгін өте әсерлі, әдемі кеш болды. Ұлы сазгердің әндері жас таланттар мен өскелең ұрпаққа аманат. Осындай өнер сайыстары алдағы уақытта да жалғаса берсе екен, — деді ол.

Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған ән байқауын Қазақ ұлттық мәдени орталығы ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты — Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени байланыстарды нығайту. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тағылымды өнер кештері алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізілмек.

Лағыл Намаз
тілші