Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесті

Патриот жаршысы
119

Фото:Ақорда

АСТАНА. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы мазмұнды әңгіме өрбітті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен халықаралық ахуал жөнінде пікір алмасты.

Әңгіме барысында мемлекеттер басшылары жаһандық күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың бірі — Украинадағы жағдайды талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған қақтығыстың күрделі сипатына назар аударып, онда территориялық келіспеушіліктің негізгі мәселе болып отырғанын атап өтті. Осыған байланысты қазіргі нақты жағдайды ескере отырып, тараптардың өзара мәмілеге келуінің маңыздылығын жеткізді.

Қазақстан Президенті еліміздің барлық тарапты төзімділікке, икемділікке және кәсібилікке шақырып, бейбітшілік формуласына қол жеткізу жолындағы диалогты жалғастыруды қолдайтынын айтты. Сондай-ақ Қазақстан араағайындық рөлге ұмтылмайтынын, алайда қажет болған жағдайда келіссөздер жүргізу үшін алаң ұсынуға дайын екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қараша айында Вашингтонға жасаған сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды толық іске асыруға Қазақстанның ниетті екенін атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Дональд Трамптың көшбасшылық қасиеттерінің арқасында бірқатар халықаралық әскери қақтығыстардың тоқтап, АҚШ-тың ішкі әлеуетін нығайту бағытында оң нәтижелерге қол жеткізілгенін айтты.

Әңгіме соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Президентін өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Мемлекет басшысы бұл сапар екі ел арасындағы қарым-қатынаста тарихи маңызға ие оқиға болатынына сенім білдірді.

Лағыл Намаз
тілші