Оқушылар Италиядағы хакатонда қолжетімді орта жобасын таныстырады
Фото: gov.kz
Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары өз жобаларын Италияда өтетін халықаралық хакатонда таныстырады. Олар қалалық ортаның қолжетімділігін талдау және жоспарлау жүйесін әзірлеп, бұл жұмыс республикалық деңгейде жоғары бағаланды, – деп хабарлайды Patriotportaly.kz.
Еркеназ Қажыахметова мен Медина Марат ITECX – First Fibonacci International Congress on Engineering, Technology and Mathematics байқауында сәтті өнер көрсеткеннен кейін Италияға бару мүмкіндігіне ие болды. Аталған байқауға Астана, Балқаш, Көкшетау және Павлодар қалаларынан келген оқушылар қатысты.

Еркеназ Қажыахметова мен Медина Марат «Әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін талдау және қалалық инфрақұрылымның тұрақтылығын арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу» атты жобаны ұсынды. Олар бұл жобаға педагог Гүлназ Жомартованың жетекшілігімен шамамен екі жыл жұмыс істеген.
— Біз Қарағанды қаласындағы мектептер, ауруханалар мен балабақшалардың қолжетімділігін геоақпараттық жүйелерді пайдалана отырып талдадық. Әлеуметтік нысандар, олардың қолжетімділік деңгейі, әкімшілік шекаралар мен көше желісі көрсетілген интерактивті карта әзірледік. Жүйе қолжетімділік деңгейлерін көрсетіп, қай аудандардың инфрақұрылыммен жақсы қамтылғанын, ал қайсысының әлсіз екенін көрнекі түрде анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба аясында қосымша функциялар енгізілді: Emergency Mode режимі жедел жәрдемнің жету уақытын көрсетеді, Future 2030 модулі халық санының өсуін ескере отырып қаланың дамуын болжайды, сондай-ақ көлік шешімдері блогында маршруттарды жетілдіру, веложолдарды дамыту және жаяу жүргіншілер аймақтарын кеңейту бойынша ұсыныстар берілген. Бұдан бөлек, экологиялық факторлар мен халықтың түрлі топтары үшін қолжетімділік деңгейі де ескерілген, — деді ұстаз.
Қазылар алқасы оқушы қыздардың жұмысын жоғары бағалады. Нәтижесінде олар Рим қаласында өтетін халықаралық конгресс пен хакатонға қатысуға квота иеленді.
Сапар алдында қатысушылар жобаны жетілдіруді жоспарлап отыр: картаны Қазақстанның өзге қалалары есебінен кеңейтіп, талдау мен болжаудың дәлдігін арттыру үшін машиналық оқыту элементтерін енгізбек.