Мектепте АІ кабинеті ашылады

Патриот жаршысы
8

Фото: gov.kz

Елордадағы №101 Келешек мектебінде жасанды интеллект технологияларына негізделген пилоттық AI кабинет ашылады, – деп хабарлайды Patriotportaly.kz. Оқушыларға арналған бұл заманауи кабинет оқу процесін цифрлық шешімдер арқылы жақсартуға және сабақтың сапасын деректер негізінде талдауға бағытталған. Мұндай форматтағы AI кабинет Қазақстанда алғаш рет қолданысқа енгізілмек.

Келешек мектебіндегі AI Interactive Smart Classroom кабинетінде бейнебақылау мен аудиоаналитика жүйелері орнатылған. Бұл талдау жүйелері сабақ кезінде оқушылардың белсенділігін, назарын және сыныптағы жалпы жағдайды талдап, мұғалімге жедел ақпарат береді. Соның арқасында мұғалім сабақты нақты жағдайға қарай бейімдей алады.

Жиналған деректер жасанды интеллект арқылы өңделіп, әр сабақ бойынша қысқаша талдау жасалады. Бұл мұғалімдерге қай тақырып қиын екенін немесе қай тұста қызығушылықтың төмендейтінін анықтауға көмектеседі. Барлық ақпарат тек білім беру мақсатында пайдаланылады.

Кабинет заманауи цифрлық құрылғылармен жабдықталған. Интерактивті панельдер мен жоғары өнімді есептеу жүйелері сабақтарды көрнекі әрі түсінікті етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мектепте оқушыларға дрондарды басқару үйретіледі. Оқушылар дронды ұшырумен қатар, оны бағдарламалап, түрлі тапсырмаларға бейімдеуді меңгереді. Олар өз жобаларын жасап, нәтижесін бірден көріп, талдай алады. Бұл теория мен практиканы қатар ұштастыруға жол ашады.

№101 мектеп өкілдерінің айтуынша, жоба мұғалімдерге нақты көмек беріп, оқыту үдерісін жеңілдетуге және жетілдіруге бағытталған. Алдағы уақытта кабинет пилоттық режимде сынақтан өтеді.

Айта кетейік, бұл мектеп- заманауи форматта салынған білім беру ұйымдарының бірі. Мұнда цифрлық технологиялар, STEM бағыттары және тәжірибелік оқыту кеңінен енгізілген.

Лағыл Намаз
тілші