Жамбы атудан үздіктер анықталды

ЖАС ПАТРИОТ
9

Фото: gov.kz

Дүбірлі додаға Қарағанды қаласы, Қарқаралы, Ақтоғай және Бұқар жырау аудандарынан 21 жастан асқан 20-дан астам спортшы қатысып, өзара мықтыны айқындады.

Қарағанды облысында жамбы ату — ат үстінде садақ тартудың айрықша шеберлікті талап ететін ұлттық спорт түрі бойынша өңір чемпиондары анықталды,  – деп хабарлайды Patriotportaly.kz.

Жарыс бағдарламасы корей, венгр, түрік және қазақ стильдерін қамтыды. 

Әр бағыт нысаналардың орналасуы мен ату тәсіліне қарай ерекшеленеді: бірінде жоғары жылдамдықпен әр тараптағы нысаналарды көздеу талап етілсе, енді бірінде ат үстіндегі дәлдік пен үйлесімділік басты сынға түседі.

— Жамбы атудан облыс чемпионаты алғаш рет осындай кең форматта және жоғары бәсекелестік деңгейінде ұйымдастырылып отыр. Қарқаралы өңірінен келген спортшылардың дайындығы жоғары, сонымен қатар Қарағанды мектебінің өкілдері де лайықты нәтиже көрсетті. Жалпы өңірде ұлттық спорт түрлерін дамытуға айрықша көңіл бөлінуде, — деді Қарағанды облысының ұлттық және ат спорты түрлері федерациясының президенті Нұржан Шайхин.

Ерлер арасында Қарқаралы ауданының спортшысы Тілеухан Нұрхан айқын басымдық танытып, түрік, корей және венгр стильдері бойынша үш бірдей алтын медаль иеленді. 

Қазақ стилінде Бұқар жырау ауданынан Айдархан Әбрахманов жеңіс тұғырынан көрінді.

Әйелдер арасында түрік стилінде қарағандылық Жансұлу Елеу топ жарды.

Венгр және қазақ стильдерінде де Қарағанды спортшылары — Шұғыла Дәурен мен Александра Вершицкая жеңімпаз атанды. Ал корей стилінде Қарқаралы ауданынан Шұға Әбді үздік нәтиже көрсетті.

Александра Вершицкая ат спортымен 12 жылдан бері айналысып келеді, оның шамамен алты жылын жамбы атуға арнаған. Ол мұндай жарыстарда бірнеше мәрте жеңімпаз атанған тәжірибелі спортшы.

— Жамбы атудың өзегі — шапшаңдық пен дәлдік. Садақты қайта дайындап үлгеру, атпен толық үйлесім табу аса маңызды. Көшпелі жарыстарда біз көбіне аттарды жалға аламыз, олардың мінезі мен мүмкіндігі алдын ала белгісіз болады. Сондықтан әр жағдайда тез бейімделе білу қажет. Ең бастысы — атқа деген құрмет пен сүйіспеншілік, өйткені олар өте сезімтал, — дейді чемпион.

Аталған турнир іріктеу кезеңі ретінде өтті. Жеңімпаздар алдағы Қазақстан чемпионатында өңір намысын қорғайды.

Лағыл Намаз
тілші