Астаналық спортшылар көркем гимнастикадан Азия чемпионатында 15 медаль жеңіп алды

ЖАС ПАТРИОТ
6

Фото: gov.kz

Қырғызстанның Бішкек қаласында көркем гимнастикадан өткен Азия чемпионаты елордалық спортшылар үшін жарқын нәтижелерге толы болды. 

Бірнеше күнге созылған құрлық додасында астаналық спортшылар жекелей және топтық бағдарламаларда жоғары деңгейде өнер көрсетіп, Қазақстан қоржынына 15 медаль салды, – деп хабарлайды  Patriotportaly.kz елорда әкімдігінің ақпаратына сәйкес.

Чемпионаттың алғашқы күнінде командалық көпсайыста бірден екі күміс медаль еншіленді. №1 Сениорлар құрамасы 263,65 ұпай жинап, күміс жүлдеге қол жеткізді. Ел намысын топтық бағдарламада Сениорлар командасы, сондай-ақ Ақмарал Ерекешева мен Айбота Ертайқызы қорғады.

Ал №1 юниорлар құрамасы 140,5 ұпаймен командалық көпсайыстың күміс жүлдегері атанды. Құрамда Юниорлар командасының спортшылары және Анель Дінішева, Анна Рубцова, Линара Жайлауова, Айғаным Рысбек өнер көрсетті.

Жарыстың келесі күндері де астаналық спортшылар жанкүйерлерін қуантты. Линара Жайлауова құрсау жаттығуында 25.20 ұпай жинап, Азия чемпионы атанды.

Айғаным Рысбек доп бағдарламасында 24.05 ұпаймен күміс медаль иеленді.
Топтық жаттығуда №1 Сениорлар құрамасы қола медаль жеңіп алды. Команда сапында Жасмин Жүнісбаева, Кристина Чепульская, Аида Хәкімжанова, Айзере Кеңес, Айзере Нұрмағамбетова және Мәдина Мырзабай өнер көрсетті.

№1 Юниорлар құрамасы 5 доп финалында да күміс жүлдеге қол жеткізді. Команда құрамында Диана Бихерт, Құралай Қуаныш, Иллария Куряченко, Жасмин Қайыржанова, Сабина Төтебаева және Екатерина Пристенная бақ сынады.

Финалдық жарыс күнінде де елордалық спортшылар жоғары нәтиже көрсетті. Анель Дінішева таспа жаттығуында 24,60 балл жинап, Азия чемпионы атанды. Анна Рубцова ұршық бағдарламасында 25,20 ұпаймен күміс медаль жеңіп алды.

№1 Юниорлар командасы 5 лента финалында күміс жүлдеге ие болды. Ал №1 сениорлар құрамасы 5 доп бағдарламасында 26,30 балл жинап, күміс медаль жеңіп алды. Сонымен қатар 3 құрсау және 4 ұршық бағдарламасының финалында да күміс жүлдегер атанды.

Ақмарал Ерекешева да финалдық кезеңде сәтті өнер көрсетіп, құрсау және доп бағдарламаларында екі қола, ал ұршық жаттығуында күміс медаль еншіледі.

Осылайша, Азия чемпионатының қорытындысы бойынша астаналық спортшылар 2 алтын, 10 күміс және 3 қола медаль жеңіп алып, құрлық додасын ерекше нәтижемен аяқтады.

Спортшыларды №1 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің жаттықтырушылар құрамы дайындады.

Лағыл Намаз
тілші