Саранда қазақ тіліндегі өндірістік терминологияны дамыту мәселесі талқыланды

Патриот жаршысы
10

Фото: gov.kz

«Сөзжасам» жобасының қатысушылары Саран қаласындағы ірі кәсіпорындарды аралап, өндіріс мамандарымен бірге салалық аударма мәселелері мен өнеркәсіп саласына қазақ тіліндегі терминдерді енгізу жолдарын талқылады. Кездесулер барысында өндірістік терминологияны біріздендіру, кәсіби ұғымдарды дәл аудару және техникалық ортада қазақ тілін қолдану мәселелері сөз болды,  – деп хабарлайды Patriotportaly.kz Қарағанды облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Сарапшылар тобының құрамына лингвистер, журналистер мен блогерлер енді. Олар «ККК Бетон» темірбетон бұйымдары зауытында, тұрмыстық техника шығаратын «Silk Road Electronics» кәсіпорнында, «ТЭМПО – Қазақстан» электрмен дәнекерленген болат құбырлар зауытында, сондай-ақ мырышталған металл бұйымдарын өндіретін кәсіпорында болды.

Кәсіпорын қызметкерлері бүгінде кейбір терминдердің дәл қолданылмайтынын, қате аударылғанын немесе қазақ тілінде баламасы мүлде жоқ екенін айтты. Әңгіме жабдық атаулары, өндірістік процестер, инженерлік ұғымдар мен техникалық операциялар туралы өрбіді.

Қарағанды облысының Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Алма Шалабаева «Сөзжасам» жобасының негізгі міндеттері туралы айтып берді.

— Біз осы уақытқа дейін сапалы аудармасы қалыптаспаған терминдердің қазақша баламаларын жүйелеуді, тілдің сөздік қорын кеңейтуді және жаңа ұғымдарды практикалық қолданысқа енгізуді көздейміз. Негізгі мақсатымыз — қазақ тілінің ғылыми-технологиялық әлеуетін арттырып, оның өнеркәсіпте, IT және ғылыми ортада қолданылу аясын кеңейту, — деді Алма Шалабаева.

Оның айтуынша, жоба аясында сала мамандары, журналистер, блогерлер мен сарапшылар бірігіп, жаңа терминдерді тікелей өндіріс орындарында тексеріп, талқылайды.

Қазіргі уақытта сарапшылар тобы тау-кен өнеркәсібі, дәнекерлеу өндірісі, технологиялық процестерді автоматтандыру, электрмеханикалық жабдықтарды жөндеу және пайдалану салаларына қатысты 200-ден астам терминді аудару және біріздендіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Талқылау мен пысықтау аяқталғаннан кейін жаңа терминдер Үкімет жанындағы Республикалық терминологиялық комиссияның қарауына жолданады.

Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасып келеді. Өткен жылы мамандар Termincom-ға 100-ден астам өндірістік термин ұсынған болатын. Биыл тағы кемінде 150 жаңа ұғымды әзірлеу жоспарланып отыр.

Лағыл Намаз
тілші