Астрахан ауданында алтын өндіру фабрикасы іске қосылды

Патриот жаршысы
6

Фото: gov.kz

Астрахан ауданының Жалтыр ауылында «Ақбеит» кен орны базасында алтын өндіру фабрикасы ашылды,  – деп хабарлайды Patriotportaly.kz. Өндіріс сингапурлық инвесторлардың қатысуымен Aina Resources ЖШС тарапынан қайта қалпына келтірілді. Осы маңызды оқиғамен аудан тұрғындарын Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов құттықтады.

«Бұл – өңір экономикасының дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ететін маңызды өндірістік жобалардың бірі. Жобаны іске асыру барысында өндірістік инфрақұрылым ауқымды түрде жаңғыртылды. Шахта оқпаны толық қалпына келтіріліп, заманауи Mitsubishi көтергіш жабдығы орнатылды, жаңа алтын өндіру фабрикасы салынып, көлемі 300 мың текше метр болатын қалдық сақтау қоймасы тұрғызылды», – деді әкім орынбасары.

Фабриканың өндірістік қуаты жылына 100 мың тоннаға дейін кен өңдеуге мүмкіндік береді. Кәсіпорын толық қуатына үш ай ішінде шығады деп жоспарлануда. Кәсіпорынның негізгі өнімдері – Доре қорытпасы мен флотациялық концентрат.

Қазіргі таңда жоба аясында шамамен 200 жұмыс орны құрылды. Оның ішінде Ақбеит кентінің тұрғындарының басым бөлігі кәсіпорында еңбек етуде. Қызметкерлер жұмыс беруші есебінен жатақханамен, ыстық тамақпен қамтамасыз етілген және толық әлеуметтік пакет ұсынылған.

Алдағы уақытта қосымша тағы 150–200 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Лилиана Әлжанова
Тілші