Ұлы Жібек жолы бойындағы халықаралық керуен Қазақстандағы сапарын аяқтады
Фото: gov.kz
Іс-шара Ауыл шаруашылығы министрлігінің және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Халықаралық жайылымдар мен мал шаруашылығы жылына орай ұйымдастырылды және БҰҰ Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясы (UNCCD) өткізді, – деп хабарлайды Patriotportaly.kz.
Керуен өткізудегі басты мақсат- жайылым ресурстарын тұрақты басқаруды ілгерілету, жердің тозуының алдын алу, биоалуантүрлілікті сақтау және климаттық өзгерістерге төзімді ауыл шаруашылығын дамыту.
Қазақстандағы кезең жаһандық халықаралық керуеннің негізгі әрі ең ұзақ бағыттарының бірі болды. Мәселен, керуен жолы Эр-Рияд қаласынан (Сауд Арабиясы Корольдігі) басталып, тарихи Ұлы Жібек жолы бойындағы мемлекеттер арқылы өтті.
Қазақстанның орталық диалог алаңы ретінде таңдалуы еліміздің бірегей табиғи әлеуетінің, тарихи-мәдени мұрасының жарқын көрсеткіші және жайылымдық ресурстарға бай, жер ресурстарын тұрақты басқару саласында жинақталған тәжірибесімен де ерекшеленгені анық.
Экспедиция барысында Германия, Ұлыбритания, Италия, Ресей, Иран, Моңғолия және басқа да мемлекеттерден келген 22 беделді сарапшылар мен ғалымдардан құралған халықаралық делегация Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстары арқылы өтіп, табиғи, тарихи-мәдени және агроөнеркәсіптік маңызы бар жиырмадан астам маңызды нысанды қамтыды.
БҰҰ Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясының ғылыми қызметкері Ольга Андрееваның жетекшілігімен халықаралық сарапшылар, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Дәулет Бижанов бастаған қазақстандық мамандар жан-жақты мониторинг жүргізді.
Қазақстанның озық ауыл шаруашылығы тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар Түркістан облысындағы мақта агроөнеркәсіптік кешенін, «BNK Agro KZ» және «AznurAgro» сүт-тауар фермаларын, «GreenVil» және «Green Eco» заманауи жылыжай кешендерін, сүт өнімдері мен мал азықтық дақылдар өндіретін кәсіпорындарды, сондай-ақ суармалы егіншілік нысандарын аралады.
Сонымен қатар, жер мониторингі, жерге орналастыру, топырақ зерттеулері және жер ресурстарын цифрландыру салаларында жұмыс жүргізетін «ЖЗҚЖЖМИ» мен «АШАІМИ» мекемелері қызметімен арнайы танысты.
Делегация сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығына, «Тектұрмас» тарихи-мәдени кешеніне және Қарахан баба сәулет кешеніне барды.
Халықаралық керуен елдер арасында тәжірибе алмасуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және жерді тұрақты пайдалану саласындағы үздік тәжірибелерді насихаттауға арналған маңызды алаң деуге болады.
Қатысушылар бағыттарды таңдау, ұйымдастыру шаралары жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, Қазақстанның жердің тозуымен күресу және жайылым экожүйелерін сақтау бағытында зор жетістікке ие екеніне назар аударды.
Халықаралық керуеннің толыққанды мәліметтері мен қорытынды нәтижелері биыл Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымының Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясы COP17 сессиясына дайындық аясында ұсынылатын болады.