Тарбағатай ауданында аэропорт, өзен порты мен теміржол салынады

Патриот жаршысы
5

Фото: istockphoto.com

Қазақстан Республикасының Президенті Тарбағатай ауданында ауқымды инфрақұрылымдық дамуды жүзеге асыруды тапсырған. Осы жұмыстар аясында бірнеше ірі жоба іске асырылмақ,  – деп хабарлайды Patriotportaly.kz Өңірлік коммуникациялар орталығына сілтеме жасап.

– Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Зайсан және Тарбағатай аудандарының арасындағы Сәтпай ауылы маңында әуежай салынады. Сонымен қатар, Зайсан көлінде өзен порты құрылып, Майқапшағай – Тұғыл теміржол желісі салынады, – дейді аудан әкімі Дархан Жөргекбаев.

Сондай-ақ оның айтуынша, «SHYGYS» арнайы экономикалық аймағын құру тұжырымдамасына сәйкес ауданда өндіріс, логистика және сауда салаларына отандық және шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған инфрақұрылымдық хаб қалыптастыру жоспарланып отыр.

– Аймақтың басты артықшылығы – Қытай Халық Республикасының шекарасынан небәрі 130 шақырым қашықтықта орналасуы, сондай-ақ жоғары транзиттік және көлік-логистикалық әлеуетінің болуы, – деп атап өтті аудан әкімі.

Әкімнің айтуынша, ең ірі жобалардың бірі – «Қызылқайың» кен орнын игеру. Қазір онда геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. Кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысы 2028 жылы басталады деп күтілуде. Кәсіпорын толық өндірістік қуатына шыққаннан кейін шамамен 1500 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Тарбағатай ауданындағы барлық 28 елді мекен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бұл туралы аудан әкімі Дархан Жөргекбаев мәлімдеді.

– Құйған және Жаңаауыл ауылдарындағы су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта Асусай және Шорға ауылдарында орталықтандырылған су құбыры желілері мен су жинақтау резервуарларының құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта Шеңгелді, Шолақорда, Ахметбұлақ, Тәуке, Жамбыл және Бозша ауылдарында орталықтандырылған ауыз су желілерін салу жоспарланып отыр, – деп хабарлады аудан әкімдігі.

Тарбағатай ауданының төрт ауылындағы көшелерге орташа жөндеу жүргізу жоспарлануда.

– Ауданда орташа жөндеу жұмыстары Жаңаауыл ауылындағы Ислямов, Кенжебаев және Бұланбаев көшелерінің, Құйған ауылындағы Тарбағатай, Өзтүрік және Ы. Алтынсарин атындағы көшелердің, Қарасу ауылындағы Ж. Сүлейменов пен А. Атабаев көшелерінің, сондай-ақ Байтоғас ауылындағы Абай көшесінің бір бөлігін қамтиды, – дейді Дархан Жөргекбаев.

Сонымен қатар, ауданда Қабанбай – Шорға автомобиль жолының бір бөлігін жөндеу жоспарланып отыр.

Лилиана Әлжанова
Тілші