«Кітапхана түні» акциясына 15 мыңға жуық оқырман қатысты
Фото: gov.kz
Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған кітап апталығы аясында ел кітапханаларында «Кітапхана түні» акциясы өтті, – деп хабарлайды Patriotportaly.kz.
Кітап апталығының бесінші күнінде кітапханаларда квест-ойындар, вернисаждар, зияткерлік сайыстар, шығармашылық кездесулер, поэзия кештері мен түрлі интерактивті бағдарламалар ұсынылды.
Атап айтқанда, Алматы қаласында «Айқас» зияткерлік ойыны өткізілді. Батыс Қазақстан облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған бағдарлама ұйымдастырылды. Жамбыл облысында көпшілік «Түнгі кітап әлеміне саяхат» атты танымдық іс-шарасына қатысты. Атырау облысында Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романын талқылау кеші өтті.
Жалпы, республика бойынша 400-ден астам іс-шара өткізіліп, оған 15 мыңға жуық адам қатысты.