Жетісуда 17,5 шақырым арық желісі салынады

Жетісу облысының әкімдігі
Жетісу облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ұзындығы 17,5 шақырым болатын арық желілерін жабдықтау жұмыстары қолға алынды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл аудан және қала аумақтарында қоғамдық инфрақұрылымды абаттандыру, көше жарығын орнату және арық жүйелерін жаңарту үшін қаржы бөлінген. Соның нәтижесінде бірнеше елді мекенде су жүйелерін жаңарту жұмыстары басталды.
Мәселен, Ақсу ауданының Қапал ауылында - 2 шақырым, Ескелді ауданы Ақын Сара ауылында - 5,5 шақырым, Кербұлақ ауданы Талдыбұлақ ауылында - 2,6 шақырым және Талдықорған қаласында 7,4 шақырым арық желісі салынбақ.
Ескелді ауданы, Ақын Сара ауылының тұрғыны, ауыл ақсақалдар кеңесінің мүшесі Нұртілеу Ибрагимов бұл жаңашылдыққа ризашылығын білдірді:
«Ауылымызда Кеңес дәуірінде кейбір көшелерде арық жүйесі болған еді. Уақыт өте келе бұзылып, қараусыз қалған. Енді қайта қалпына келтіріліп жатқанына қатты қуаныштымыз. Бұл – халықтың игілігі үшін жасалып жатқан іс».