Қазақтың ақбас сиыры туралы кітап шықты

Патриот жаршысы
11

Фото: gov.kz

Астанада «Qazaq Aqbas – Ұлттық Қазына» кітабының таныстырылымы өтті. Ол қазақтың ақбас ірі қара тұқымының 75 жылдығына арналған. Бұл – отандық селекциялық ғылымның ең ірі жетістіктерінің бірі әрі Қазақстандағы етті мал шаруашылығы дамуының айшықты көрінісі, – деп хабарлайды Patriotportaly.kz

Аталған басылымды Қазақтың ақбас тұқымы жөніндегі республикалық палата дайындаған. Кітап бес жылдық ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесі. Онда тұқымның қалыптасу тарихы, оның негізін қалаған тұлғалар және қазақтың ақбас тұқымының еліміздің аграрлық саласын дамытудағы маңызы жан-жақты баяндалады.

Қазақтың ақбас тұқымы 1950 жылы ресми түрде бекітілген. Оның шығарылуы Қазақстандағы ғалымдар, селекционерлер және мал шаруашылығы мамандарының көпжылдық еңбегінің жемісі. Жұмыс республика аумағының бірнеше өңірінде қатар жүргізіліп, ауқымы жағынан отандық ауыл шаруашылығы тарихындағы ең маңызды ғылыми-тәжірибелік жобалардың бірі саналды.

Тұқымның ерекше құндылығы – ол ғасырлар бойы дала жағдайына бейімделген жергілікті қазақ малдарының ең үздік қасиеттері мен жоғары өнімді шетелдік тұқымдардың артықшылықтарын біріктірді. Нәтижесінде төзімділігі жоғары, қатал климатқа бейімделген әрі ет өнімділігі жоғары бірегей генетикалық тұқым қалыптасты.

Іс жүзінде қазақтың ақбас тұқымының шығуы Қазақстандағы қазіргі заманғы етті мал шаруашылығының дамуына негіз қалады. Сонымен бірге селекция, азықтандыру, көбейту және күтіп-бағу ісінде ғылыми тәсілге сүйенген жаңа мал шаруашылығы мәдениеті қалыптасты.

Бүгінде, бұл еліміздегі ең көп таралған етті бағыттағы тұқым болып қала береді және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауылдық аумақтарды дамыту, агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін арттыру үшін стратегиялық маңызға ие. Оған тек елімізде ғана емес, шетелде де қызығушылық жыл санап артып келеді. Асыл тұқымды малға да, отандық генетикалық материалға да сұраныс жоғары.

«Өзінің даму жылдарында ол түрлі кезеңдерден өтіп, бүгінде жаңа белеске көтерілді. Қазіргі таңда қазақтың ақбас малының саны 520 мыңнан асады. Малдың өзіне де, генетикалық материалына да сұраныс жоғары. Бұл тек ірі қара тұқымы ғана емес, ғылыми, экономикалық және әлеуметтік қырларды біріктіретін ауқымды құбылыс», — деді Қазақтың ақбас тұқымы жөніндегі республикалық палатаның атқарушы директоры Бақтияр Өтелбаев.

Кітаптың «Qazaq Aqbas – Ұлттық Қазына» атауы оның негізгі идеясын көрсетеді. Кітап тұқымды тек селекциялық жетістік ретінде қарау емес, елдің тарихи мұрасының бір бөлігі, отандық агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына үлес қосқан бірнеше буын ғалымдар мен мал мамандарының жанкешті еңбегін көрсетеді.

Кітаптың жарық көруі аграрлық қауымдастық үшін маңызды оқиға және бірегей отандық генетикалық ресурстарды сақтап, дамытуға деген берік ұстанымның тағы бір дәлелі.

Лилиана Әлжанова
Тілші