Арнайы операциялар күштерінің командасы әскери көпсайыстан Қарулы күштер чемпионы атанды

Патриот жаршысы
7

Фото: gov.kz

Тараз қаласында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің базасында әскери көпсайыстан Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің чемпионаты өз мәресіне жетті, – деп хабарлайды Patriotportaly.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап. Бұл сайыс ең таңдаулы әскери қызметшілерін бір алаңға жинады.

Байрақты бәсекеде тоғыз команда бақ сынасты. Қатысушылар 100 метрге жүгіру, турникке тартылу, кедергілер жолағынан өту, гранатаны алысқа лақтыру, сондай-ақ 1000 және 3000 метрлік қашықтықтарды бағындыру арқылы өздерінің шымырлығын, төзімділігі мен әскери шеберліктерін көрсетті. Жарысқа Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының мамандары төрелік етті.
Тартысты өткен доданың қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте бірінші орынға Арнайы операциялар күштерінің құрамасы ие болды. Күміс жүлдені Десанттық-шабуылдау әскерлері қанжығасына байласа, Әуе қорғанысы күштерінің командасы қола жүлде алды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы төртінші орынға табан тіреді.
Жекелей сында жеңімпаздар үш жас санаты бойынша анықталды. 40 жастан асқандар арасында Арнайы операциялар күштерінің өкілі майор Болат Өтегенов дара шықты. 30 бен 40 жас аралығындағы додада «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 3-сыныпты сержанты Евгений Нам жеңісті қолдан бермеді. Ал, 30 жасқа дейінгілер арасында Десанттық-шабуылдау әскерлерінің өкілі аға лейтенант Шыңғыс Құдайберген ең үздік нәтиже көрсетті.
Бұл чемпионат әскери қызметшілердің денгейін өсіруге, әскери-қолданбалы дағдыларын шыңдауға және Қарулы күштерде армиялық спортты дамытуға бағытталған маңызды кезең болды.

Лилиана Әлжанова
Тілші