ҚЫСҚЫ ОЛИМПИАДАҒА 70 КҮН:
Фото: Спорт министрлігі
2026 жылдың 6–22 ақпаны — Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпия ойындары. Төрт жылдықтың ең ірі додасында 93 елден 3 500-ден астам мықты спортшы бақ сынайды. Бұл — әлем назарын аударатын тарихи аламан, ал біздің ел үшін — абырой жолындағы үлкен сын.
Қазақстан да осы жаһандық бәсекеде өз туын желбіретіп, ұлттық рухтың биіктігін дәлелдейтінін айқын көрсетті.
Олимпиада бағдарламасына биатлон, шаңғы спорты, хоккей, коньки, фристайл, сноуборд, шана спорты, бобслей және ски-альпинизм секілді негізгі қысқы спорт түрлері енеді. 195 медаль жиынтығы сарапқа салынады — демек, әр жүлде үшін нағыз күрес күтіп тұр.
Туризм және спорт министрлігі спорт федерацияларымен бірлесе отырып, ұлттық құраманы дайындаудың кешенді жоспарын әзірледі. Бұл — Қазақстанның Олимпиада жолында жүйелі түрде жұмыс істеп жатқанын көрсетеді.
Жоспарға мыналар кіреді:
• оқу-жаттығу жиындары
• медициналық және психологиялық қолдау
• заманауи спорт құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету
• тамақтану сапасын күшейту
• білікті жаттықтырушыларды тарту
Қазір Қазақстанның Олимпиада қоржынында екі лицензия бар — олар мәнерлеп сырғанаушылар Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкинаға тиесілі. Лицензиялардың толық қатары қаңтар айындағы Әлем кубогі кезеңдерінен кейін белгілі болады.
Бүгінде елімізде қысқы спорттың 13 түрі жақсы дамуда. 139 мыңға жуық қазақстандық қысқы спортпен шұғылданады, 1 838 жаттықтырушы қызмет етеді. Инфрақұрылым барлық өңірде — Жамбыл облысынан басқа — жүйелі түрде дамып келеді.
Ал спортшыларымыз соңғы жылдары ел тарихында болмаған нәтижелерді жаңартып жатыр:
Анастасия Городко — жасөспірімдер арасында могулдан әлем чемпионы, ересектер арасында — әлемдік қола
Михаил Шайдоров — әлем чемпионатының күміс жүлдегері
Софья Самоделкина — Қазақстан тарихында алғаш рет әйелдер арасындағы Гран-при кезеңінде жүлдегер
Денис Никиша — 2024 және 2025 жылдардағы әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері
Евгений Кошкин — Әлем кубогінің екі дүркін алтын иегері
Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов — 2025 жылғы қысқы Азия ойындарының чемпиондары
Бұл жетістіктер — қазақ спортының жаңа дәуірге қадам басқанын дәлелдейтін айқын көрсеткіш.
Алда — Олимпиада. Алда — ел намысы.
70 күннен кейін Қазақстан тағы да әлемнің көз алдында болады.
Олимпия алауын Қазақстан спортшылары биікте ұстатынына сеніміміз мол!
Еліміздің Туы Милан аспанында желбірейтін сәт алыс емес.