Димаш Құдайберген Grammy-дің «Global Spin» халықаралық жобасына қатысты

Патриот жаршысы
40

Фото:kudaibergenov.dimash

Қазақстанның әлемге әйгілі әншісі Димаш Құдайберген тағы бір мәрте халықаралық музыкалық аренада еліміздің атын асқақтатты. Grammy сыйлығының ресми сайты мен YouTube арнасында Димаштың өз авторлық «Fire» композициясын орындаған ерекше бейнежазбасының премьерасы жарияланды.

Бұл — отандық өнер үшін маңызы зор оқиға. Өйткені жобаны ұйымдастырушылар – америкалық Ұлттық дыбыс жазу өнері мен ғылымы академиясы және әлемнің ең беделді музыка институттарының бірі саналатын Grammy.com платформасы.

Димаштың аталмыш жобаға қатысуы оның биылғы қазан айында Нью-Йорк қаласындағы әйгілі Madison Square Garden сахнасында қазақ мәдениетін жоғары деңгейде танытып, зор табысқа жетуінен кейін жүзеге асты. Әнші осылайша әлемдік музыкалық ортада шығармашылық байланысын кеңейтіп, Қазақстан өнерінің халықаралық беделін күшейте түсті.

«Global Spin» – 2021 жылдың қыркүйек айында түрлі елдің музыканттарын қолдау және әлемдік музыкалық әртүрлілікті дамыту мақсатында іске қосылған жоба. Бағдарлама әлем сахнасындағы таланттарды таныстыруға бағытталған.

Лағыл Намаз
тілші