Уақыт пен еңбектің жемісі

Патриот жаршысы
55

Кітапхана – қоғамның рухани дамуына қызмет ететін, білім мен мәдениеттің тоғысқан қасиетті ордасы. Ол – өткен мен бүгінді сабақтастырып, ұлттың рухани құндылықтарын сақтап, келер ұрпаққа жеткізетін маңызды мәдени орталық. Осындай ортада еңбек етіп, оның күнделікті тынысын, даму жолын өз көзіңмен көріп, сол өзгерістердің бір бөлшегі болу – үлкен жауапкершілік әрі зор мәртебе.

Мен үшін Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы – жай ғана жұмыс орны емес. Бұл – күн сайын жаңа оқырмандармен жүздесіп, олардың кітапқа деген қызығушылығын көріп, еңбегіңнің нәтижесін сезінетін, шығармашылық пен ізденіске жол ашатын ерекше рухани орта.

Биыл кітапханамыздың қайта құрылғанына бес жыл толып отыр. Бес жыл – уақыт өлшемімен алғанда қысқа мерзім болғанымен, атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген жетістіктер тұрғысынан үлкен белес. Осы уақыт ішінде кітапхананың жаңарып, жаңа деңгейге көтерілгеніне куә болып келеміз. Қызмет көрсету жүйесі жетілдіріліп, заманауи технологиялар енгізілді, цифрлық мүмкіндіктер кеңейіп, жаңа жобалар жүзеге асты. Бүгінде кітапхана өңір тұрғындары жиі бас қосатын мәдени, білім беру және зияткерлік кеңістікке айналды.

Соңғы жылдары кітапханада түрлі форматтағы мәдени-рухани кездесулер, әдеби кештер, танымдық бағдарламалар, жастарға арналған жобалар мен заманауи бастамалар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Ұлттық кітап күнінен бастап, «Түнгі кітапхана», «Бір ел – бір кітап» сияқты жобаларға дейінгі жұмыстар кітапхананың қоғамдағы орнын айқындап, оқырманмен байланысты жаңа деңгейге көтерді. Бұл бастамалардың барлығы кітаптың қадірін арттырып қана қоймай, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуға, рухани құндылықтарды дәріптеуге қызмет етіп келеді.

Әрине, мұндай өзгерістер өздігінен келген жоқ. Оның негізінде ұжымның күнделікті еңбегі, жауапкершілігі мен ортақ мақсатқа деген адалдығы жатыр. Әр қызметкер өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, кітапхананың дамуына өз үлесін қосып келеді. Біз үшін ең үлкен марапат – оқырманның сенімі, кітапханаға қайта оралып, рухани азығын осы жерден табуы.

Бес жыл ішінде кітапхана ұжымы көптеген тың жобаларды жүзеге асырып, кәсіби тәжірибесін байыта түсті. Бұл жылдар – үздіксіз ізденістің, шығармашылық еңбектің және бірліктің кезеңі болды. Осындай ұжымның бір мүшесі болып, ортақ іске өз үлесімді қосып жүргенімді әрдайым мақтан тұтамын.

Осы мерейлі жылы «Кітапхана саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталу мен үшін ерекше қуаныш әрі үлкен жауапкершілік болды. Бұл марапатты жеке жетістігім емес, бірге еңбек етіп жүрген әріптестерімнің, әрдайым қолдау білдіріп келе жатқан басшылықтың және кітапхана ісінің дамуына үлес қосып жүрген барша азаматтардың ортақ еңбегінің жемісі деп қабылдаймын. Сенім артқан басшылыққа, қолдау көрсеткен әріптестеріме және еңбегімді бағалаған азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Өткен бес жыл – жүйелі жұмыстың, бірліктің және ортақ мақсатқа деген сенімнің нәтижесі. Бұл кезең кітапхананың жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан, тың жобалар жүзеге асқан, тәжірибе мен ізденіс ұштасқан маңызды белес болды. Алдағы уақытта да кітап пен оқырман арасындағы алтын көпірді нығайту жолында аянбай еңбек етіп, кітапханамыздың дамуына өз үлесімізді қоса береміз деп сенемін.

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының қайта құрылғанына 5 жыл толуымен әріптестерімді, оқырмандарымызды және кітапхана жанашырларын шын жүректен құттықтаймын! Кітапханамыздың мерейі артып, абыройы асқақтай берсін. Жаңа белестерге бірге қадам басып, игі бастамаларымыз жалғаса берсін!

ТІЛЕПОВА ТОҒЖАН СЕРҒАЗЫҚЫЗЫ
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері
 

Лилиана Әлжанова
Тілші