«Елорда жастары»: Астаналық жас қыз қалайша баспаналы болды

Патриот жаршысы
66

Астана қаласы әкімдігі

Елордада жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған «Елорда жастары» мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асып келеді. Аталған бағдарламаның қатысушыларының бірі — Ерке Байғабылова өзінің баспаналы болу жолындағы оқиғасымен бөлісті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ерке Астанада жұмыс істейді және бұған дейін жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасына қатысқан. Ол бес жыл бойы мемлекет берген пәтерде тұрып, дәл осы кезең өз үйін алуға негіз қалаған маңызды уақыт болғанын айтады.

«Мен «Елорда жастары» бағдарламасы туралы Отбасы банкінің өкілдерінен білдім. Бірден шарттары қызықтырды — алғашқы жарна небәрі 10%, ал пайыздық мөлшерлеме жылына 5% ғана. Бұл мен үшін өте ыңғайлы мүмкіндік болды», — дейді Ерке.

Жалға алу келісімі аяқталған кезде оның қолында жинақтаған қаражаты мен өз үйін алуға нақты шешімі болған. Мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысқан жас астаналық өтініш беріп, бағдарламаға қатысуға бел буады.

«Бағдарлама өте қолжетімді әрі түсінікті болды. Ең қуантқаны — өтініш беруден бастап мәмілені рәсімдеуге дейін банк менеджерлері бізге қолдау көрсетті. Бұл мен үшін сенімділік беріп, бүкіл процесті жеңілдетті», — дейді ол.

Қазір Ерке отбасы мүшелерімен бірге өз шаңырағында тұрып жатыр. Ол «Елорда жастары» бағдарламасы көптеген жасқа тұрақты өмірге алғашқы қадам жасауға мүмкіндік беретін нақты қолдау екеніне сенімді.

Айта кетейік, «Елорда жастары» бағдарламасы 34 жасқа дейінгі жастарға арналған жеңілдетілген несие беру мүмкіндігін ұсынады. Несие сомасы 20 миллион теңгеге дейін, пайыздық мөлшерлемесі — жылына 5%, бастапқы жарна — 10%. Жылжымайтын мүлікті алғашқы және екінші нарықтан сатып алуға болады.

Малика Рүстем
тілші