ЮНЕСКО төріндегі «Дариға домбыра»

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі
Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде қазақ музыкасының дара тұлғасы, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық көрменің салтанатты ашылуы өтті. «Шабыт бастауы: Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы» атты бұл көрме – тек ұлттық мәдениетіміздің емес, бүкіл түркі әлемінің рухани байлығы мен өнерін жаһанға танытудың жарқын көрінісі.
Ұлы композитордың ғасырлық мерейтойы – ЮНЕСКО аясында халықаралық деңгейде аталып өтіп жатқан айтулы оқиғалардың бірі. Көрмеде Алматы музейлер бірлестігінің қорынан алынған 70-ке жуық құнды жәдігер қойылды. Олардың арасында Нұрғисаның өз қолымен жазған партитуралары, сирек фотолары, жеке заттары және Ахмет Жұбанов сыйға тартқан әйгілі «Дариға домбырасы» да бар.
Көрме алты бөлімнен тұрады және композитор шығармашылығының тереңдігі мен ұлттық музыканың бай қырларын аша түседі. Шараға ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттердің елшілері, халықаралық ұйым өкілдері, Франция халқы мен сонда тұратын қазақ диаспорасы қатысты. Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов бұл көрмені қазақ мәдениетіне көрсетілген зор құрмет ретінде атап өтті.
Көрмені Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Музейлер бірлестігі ұйымдастырды. Жобаға Түркі мәдениеті және мұрасы қоры, Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігі де үлес қосты. Нұрғиса Тілендиев негізін қалаған «Отырар сазы» оркестрінің рухы көрме мазмұнында ерекше көрініс тапқан.
Композитордың шығармашылық жолы – ұлт мұрасының ажырамас бөлшегі. Ол 500-ден астам музыкалық шығарма, 50-ден аса драмалық қойылым мен 20-ға жуық фильмге музыка жазды. Әлемге әйгілі театрлар мен оркестрлерде бас дирижерлік қызмет атқарып, қазақ музыкасының жаңа кезеңін қалыптастырды.
Көрме 2025 жылғы 19 маусымға дейін жалғасады. Бұл – Нұрғиса Тілендиевтің ұлы мұрасы мен ұлттық музыка рухының Париж төрінде жаңғыруының көркем көрінісі.