Десантшылар шеберлігін шыңдауда

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі
Қонаев гарнизонындағы 32363 әскери бөлімінің «көк беретті» сарбаздары жауынгерлік даярлықтың жаңа кезеңіне - үйлесімді іс-қимыл жаттығуларына кірісті. Бұл – әрбір бөлімшенің ұрыстағы бірлесе әрекет ету қабілетін нығайтуға бағытталған маңызды кезең.
Бұған дейін десантшылар өз мамандықтары бойынша теориялық білім алып, қару-жарақ пен техниканы меңгеріп, лауазымдық міндеттерін тәжірибе жүзінде пысықтады. Бақылау сабақтары олардың дайындық деңгейін растап, келесі кезеңге өтуге мүмкіндік берді.
Үйлесімділік кезеңінің негізгі мақсаты – тактикалық әрекеттер мен далалық дағдыларды жетілдіру, ұрыста сенімді әрі қауіпсіз әрекет ету қабілетін арттыру. Әсіресе атысты тиімді басқару, жылдам шешім қабылдау, қарудың түрлі түрінен нақты ату, қол гранаталарын лақтыру, түнгі көру құрылғыларымен нысанаға дәл түсу машықтары тереңдетіліп жатыр.
-Оқу-жаттығу алаңдарында барлық қажетті жағдай жасалған. Сарбаздар тек құрлықтағы ғана емес, әуе бағыттарындағы нысандарға да дәл соққы жасауға машықтануда. Сонымен қатар, түнгі атыс жаттығулары да қарастырылған, - дейді батальон командирінің жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары капитан Асқат Мұратов.
Офицерлер мен сержанттар үшін басқару қабілеті мен ұрыс кезіндегі моральдық-психологиялық тұрақтылықты арттыру бойынша сабақтар ұйымдастырылған. Оқу үдерісі аясында атыс, тактикалық және арнайы дайындық пәндері қамтылған.
Кешенді жаттығулар әскери бөлімнің жеке құрамын шабуылда да, қорғаныста да үйлесімді әрекет етуге, кез келген жағдайда тапсырманы мінсіз орындауға дайындайды. Бұл - нағыз жауынгер болмысын қалыптастыратын қажырлы дайындық кезеңі.