Қазақ күресінен әлем чемпионаты өтеді

Патриот жаршысы
132

Olympic.kz

Елордада алғаш рет әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен әлем чемпионаты ұйымдастырылады. Байрақты бәсеке Халықаралық әскери спорт кеңесінің (CISM) қолдауымен ҚР Туризм және спорт министрлігі, Қорғаныс министрлігі және QAZAQ KURESI ассоциациясының бастамасымен өтеді.

Соңғы жылдары ұлттық спорт түрлеріне елімізде айрықша көңіл бөлінуде. Жуырда Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заң негізінде ресми тіркелген 11 ұлттық спорт түрі басым бағыт ретінде танылды. Осы орайда, төл күресіміз – қазақ күресінің де мәртебесі артып, халықаралық аренада жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашылды.

Әскери спортшылардың қатысуымен өтетін бұл чемпионат қазақ күресінің халықаралық әскери спорт күнтізбесіне ресми енген алғашқы додасы болмақ. Қазақ күресінің маңызын арттыратын дүбірлі дода Кеңес Одағының Батыры, қаһарман қыз Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.

Чемпионатқа Қазақстанмен қатар Түркия, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Иран, Италия, Моңғолия, Пәкістан, Тунис, Нигерия, Бразилия және тағы басқа елдерден палуандар келмек. Жарыс 16 салмақ дәрежесі бойынша өтеді.

Сондай-ақ чемпионат аясында шетелдік төрешілер мен қатысушыларға қазақ күресінің ережелері мен әдіс-тәсілдері бойынша семинарлар, шеберлік сабақтары және арнайы оқыту курстары ұйымдастырылады. UWW ұйымының халықаралық нұсқаушысы Эдмар Абдуллаев та өз тәжірибесімен бөліспек.

Әлем чемпионаты 14–15 тамыз күндері Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде өтеді.

Малика Рүстем
тілші