Президент ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шағын құрамдағы отырысына қатысты

Патриот жаршысы
41

Фото: Ақорда

БІШКЕК – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте өтіп жатқан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шағын құрамдағы кезекті отырысына қатысты. Бұл жөнінде Ақорда ресми хабарлады.

Саммитке Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон қатысты. Мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін талқылап, ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастықты нығайтудың негізгі бағыттары бойынша пікір алмасты.

Еске сала кетейік, кеше Қазақстан Президенті ҰҚШҰ кеңесінің жұмысына қатысу үшін Бішкек қаласына барған болатын. Бүгін Мемлекет басшысын «Ынтымак Ордо» резиденциясында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров ресми түрде қарсы алды.

Ресми кездесуден кейін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шағын құрамдағы отырысы басталды. Онда ұйым аясындағы қауіпсіздік тетіктерін жетілдіру, өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету және мүше мемлекеттердің бірлескен іс-қимылдарын үйлестіру мәселелері қарастырылды.

Қазақстан Президентінің саммитке қатысуы бауырлас елдер арасындағы стратегиялық серіктестікті тереңдетуге және ҰҚШҰ шеңберіндегі өзара қолдауды күшейтуге бағытталған маңызды қадам екені сөзсіз

Лағыл Намаз
тілші