Қазақстан — роботтар дәуіріне нық қадам басқан ел
Stan.kz сайтынан алынды
Бүгінде роботтар — ғылыми фантастика емес, өміріміздің бір бөлігі. Олар зауыттарда еңбек етіп, ауруханада ота жасайды, балаларды оқытады және тіпті ғарышты зерттеуге қатысады. Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай робототехника саласының әлемдік нарығы 400 миллиард доллардан асып, өндірістегі әр бесінші процесс автономды жүйелер арқылы жүзеге аспақ. Бұл жаңа технологиялық дәуірде Қазақстан да белсенді түрде өз орнын қалыптастырып келеді.
Елімізде автоматтандыру мен робототехника бағытында жүздеген жоба іске қосылған. Соның бірі — Алматы әкімдігі мен Қытайдың Unitree Robotics компаниясы арасында жасалған меморандум. Құжат аясында Қазақстанда автономды навигация, жасанды интеллект және роботты басқару технологияларын дамытуға арналған зертхана құрылады. Unitree Robotics — төрттаған роботтар нарығындағы әлемдік көшбасшы, ал енді оның тәжірибесі мен технологиялары отандық мамандарға да қолжетімді болмақ.
Қазақстанда балалар мен жастар арасында робототехниканы дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы Robotek Grand Tournament халықаралық чемпионатында астаналық оқушылар 25 ел мен еліміздің 17 өңірінен келген 350 қатысушының арасынан бас жүлдені жеңіп алды. Бұл — қазақстандық инженерлік білімнің сапасы мен әлеуетін айқын дәлелдейтін жетістік. Айта кетсек, жарыстың ережелері мен форматын да қазақстандық мамандар әзірлеген.
Чемпионат алаңында маңызды келісімдер жасалды: варналық Robotiks орталығы мен Кишиневтегі RobotX Academy ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл – қазақстандық робототехника саласының халықаралық деңгейге көтерілгенінің белгісі.
Осы бағыттың дамуына үлес қосып жүрген тұлғалардың бірі – Санжар Шалқарбеков, Robotek робототехника мектебінің негізін қалаушысы. «Біз он жыл бұрын роботтандыру дәуірі келе жатқанын түсіндік. Алдымен балаларды оқытудан бастадық, қазір мұғалімдерге де арналған арнайы бағдарламалар бар. ExxonMobil компаниясымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан “STEM-Ұстаз” жобасы аясында 400-ге жуық педагог робототехника негізін меңгерді», – дейді ол.
Қазіргі таңда Robotek еліміздің ондаған қаласында жұмыс істейді. Сонымен қатар Ozyq Urpaq жобасы аясында өңірлердегі мыңдаған оқушы бағдарламалау және робот жасау бойынша тегін курстардан өтуде.

Ірі компаниялар да бұл бағытты қолдап отыр. Allur компаниясы инженерлік мәдениетті дамытуға зор үлес қосып, бірнеше жылдан бері Robotek Grand Tournament чемпионатын демеп келеді. Сондай-ақ қыздарға арналған RoboTechnoGirls жазғы бағдарламасы арқылы 150-ден астам қатысушы робототехника мен бағдарламалаудың негіздерін меңгерді. Бұл бастама Peoples & Projects сыйлығының Heart of Impact номинациясында үздік әлеуметтік жоба ретінде танылды