Еліміздің мақтанышы Еркебұлан Дайыров халықаралық «Келешек мұрасы» сыйлығының лауреаты атанды
Фото: Yerkebulan_Dairov парақшасынан алынды
PATRIOT PORTALY Ақорданың ресми ақпаратына сүйене отырып хабарлайды: ұлттық өнердің абыройын асқақтатып жүрген танымал актер Еркебұлан Дайыров беделді «Келешек мұрасы» халықаралық сыйлығының лауреаты атанды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға мемлекеттік сапары аясында Әзербайжан және Орталық Азия басшыларымен бірге марапатты табыстау рәсіміне қатысты. Бұл – Қазақстан мәдениетінің өңірлік деңгейдегі беделі мен ықпалының артып келе жатқанын айқын көрсеткен маңызды сәт.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев атап өткендей, жаңа халықаралық сыйлық – түркі дүниесінің мәдени байланысын нығайтып, ұлттық рухани мұраны әлемге танытуға үлес қосқан тұлғаларды дәріптеуге бағытталған.
Осы ретте қазақ өнерінің намысын лайықты қорғап, театр мен кинода жарқын із қалдырып жүрген Еркебұлан Дайыровтың «Театр және кино» аталымы бойынша жеңіске жетуі – тек жеке шығармашылық табыс емес, ұлт өнерінің халықаралық деңгейде мойындалуы.
Бұл марапат – қазақ мәдениетінің қуатын, өнер адамдарының еңбегін бағалайтын, ел рухын көтеретін зор жетістік.